А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы – еліміздегі егін және өсімдік шаруашылығы саласындағы ірі ғылыми орталық. Дәл осы институттағы Қатты бидай зертханасының қызметкеркерлері бидайдың жаңа сортын тәжірибеден өткізіп, нәтижесінде бұл тұқымнан гектарына 46,5 центнер өнім алды.
Зертхана қызметкерлерінің мәлімдеуінше, бидайдың жаңа тұқымы «Дамсинская 20-17» деп аталады. Оның ерекшелігі – төзімділігінде. Қазақстанның солтүстік аумағында өсіруге арналған бидай ауа райын, топырақ жағдайын талғамайды. Топыраққа тез бейімделгіш келетін бидайды арнайы тыңайтқыштармен ылғалдандыру арқылы мол өнім алуға болады. «Дамсинская 20-17» экологиялық жаздық далалық түрге жатады. Ол шикі протеин мен ақуыздылығының тұрақты құрамымен ерекшеленеді. Бидайдан жасалған өнім стандартты көрсеткіштен асып түскен.
Бұл сортты зерттеу үшін ғалымдар 2015 жылдан бері түрлі тәжірибе жасаған. Тексеру жұмыстары Ақмола облысына қарасты Шортанды ауданы, Научный ауылында жүргізілді. Нәтижесінде, былтыр жаздық бидайдың өнімділігі 2,5 есеге дейін артты.