Қазақстандық ғалым АҚШ-тағы қазақтарды зерттеп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Жырақта жүрген қазақтардың саны 5 миллионға жетті. Бұл – АҚШ астанасында ғылыми тағылымдамадан өтіп жатқан қазақ ғалымының келтірген дерегі. Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің кафедра меңгерушісі, PhD доктор Гүлнаш Асхаттың айтуынша, АҚШ-тағы қазақтарға, оның ішінде жастарға ұлттық бірегейлікті сақтауда түрлі кедергілер бар көрінеді.
"Бізді көбірек ойландыратын мәселе – бұл ұлттық бірегейлік. Себебі сіздің ұлттық бірегейлігіңіз қандай елден, қандай ұлттан екеніңізді көрсететін бірден-бір белгілері болғандықтан, сауалнамалардың басым бөлігін дәстүрге, тілге, дінге деген сияқты бөлімдерге бөлгенмін. Қазақтардың біразы бірегейлігін сақтауға тырысып жүр екен, бірақ бірегейлігін сақтауға біраз кедергілер бар, яғни қауіптер", - дейді ғалым, PhD доктор Гүлнаш Асхат.
Қазіргі уақытта Нью-Йорк, Вашингтон, Лос-Анджелес және Чикаго қалаларында ғана қазақ мәдени орталықтары ашылған. Ал АҚШ-тағы қазақтардың саны 100 мыңнан асқанын ескерсек, 4 орталықтың аздық етері сөзсіз. "Осы орайда қандастарымыздың тұрмыс-тіршілігін зерттеп, ұлттық бірегейлігін сақтауға жағдай жасау аса маңызды" дейді ғалым. Өйткені тілі, ділі, діні бөлек бұл елде орта басқа.
"Үлкен жастағы адамдар барынша сақтайды дәстүрді, дінді, салтты, тілді дегендей. Бірақ та олардың уайымдайтын ең үлкен мәселелерінің бірі – бұл жастар. Өзінің ұрпағы үшін уайымдайды ғой. Тілін ұмытып жатыр. Себебі орта, мектеп, балабақшаларда, қазақи мәдени орталықтар жоқтың-қасы екен. Сол үшін мемлекетке бағдарлама әзірлеп, үкіметке өзіміздің ұсынысымызды дайындап жатырмыз", - дейді ғалым, PhD доктор Гүлнаш Асхат.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!