Қазақстандық ер адам 40 жыл бойы тырнақ астындағы ісіктен жапа шеккен

Қазақстандық ер адам 40 жыл бойы тырнақ астындағы ісіктен жапа шеккен
Фото: Midjourney нейрожелісінің көмегімен жасалған

Алматыда нейрохирургтер сирек кездесетін ісікті сәтті алып тастап, науқасты көпжылдық азаптан құтқарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі №7 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

42 жастағы алматылық азамат бала кезінен оң қолының екінші саусағындағы қатты ауырсынудан зардап шегіп келген. Жарақаттан кейін бұл саусаққа жанасудың өзі шынтаққа, иыққа және жауырынға дейін жететін шаншу сезімін тудырған. Жылдар бойы ол қолын қозғалта алмай, ұйықтай алмай, үнемі жайсыздықта жүрген. Көптеген медициналық мекемелерге жүгінгенімен, дұрыс диагноз қойылмағандықтан еш нәтиже шықпапты. 

Тек №7 қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімінде дәл диагноз – Барре-Массон ісігі (гломангиома) қойылды. Ісік екінші саусақтың тырнақ астындағы соңғы фалангасында орналасқан. Мамандар жергілікті анестезиямен микроскопиялық операция жасап, ісікті толығымен алып тастады.

"Ісік тырнақ пластинасының астында орналасқандықтан, алдымен тырнақты алып тастауға тура келді. Оны қоршаған тіндермен тығыз байланыста болғанымен, техникалық қиындықтарға қарамастан ісік сәтті жойылды. Нәтижесі таңғаларлық болды: операциядан кейін бірден саусақтағы, шынтақтағы, иық пен жауырындағы ауырсыну жоғалды. Жылдар бойы саусағына қол тигізуге қорыққан науқас қазір мүлде ауырсынуды сезінбейтінін айтты", – дейді 40 жылдық тәжірибесі бар нейрохирург Алимхан Халимов.

Барре-Массон ісігі дегеніміз не?

Халимовтың айтуынша, гломангиома – өте сирек кездесетін, бірақ қатерсіз тамырлы ісік. Ол 20 мен 50 жас аралығындағы қол жұмсақ тіндеріндегі жаңа түзілістері бар науқастардың 1–5 пайызында кездеседі. Көбіне тырнақ фалангаларында дамиды және терідегі қан тамыр шоғырының жасушаларынан түзіледі.

Бұл дерттің белгілері нақты болмағандықтан, диагностикасы қиын. Көбіне дұрыс диагноз ауырсыну басталғаннан кейін орта есеппен 7 жылдан соң ғана қойылады. Әлемдік тәжірибеде 40 жылдан кейін ғана нақты диагноз қойылған жағдайлар да болған. Гломангиома кезіндегі ауырсыну үштік жүйке невралгиясымен теңесетіндей қатты болуы мүмкін.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет
Logotype Massaget