Қазақстандық дәрігерлер жастар арасында танымал бабл-ти сусынының денсаулыққа зияны туралы ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, бұл сусын асқазанның түйілуін тудыруы мүмкін, ал оны жиі ішу тіпті қант диабетіне әкеп соқтыруы ықтимал. Бұған өнімдегі қант пен крахмалдың көп мөлшері себеп.
Зере Жалғасбаеваның сөзінше, "маржан" қосылған шай" бойды сергітіп, көңіл-күйді көтереді. Бұл сусынды ішу әдеті оның мектепте оқып жүрген кезінде қалыптасқан.
"Негізі, мектептен кейін достарымызбен мұнда келіп, бабл-ти ішу дәстүрімізге айналды. Ол кезде бәрі Oreo қосылған бабл-тиге қызығатын. Өте дәмді болатын. Түрлі дәмдерін татып көру үшін басқа филиалдарға да арнайы баратынбыз. Қазір де жаңа дәмдерін байқап көру үшін ара-тұра келіп тұрамын", - деді бойжеткен.
Қазақстанда сәнді "маржан" қосылған шай" осыдан жеті жыл бұрын пайда болды. Кофехана өкілдері бұл сусынның ерекше түрі мен жағымды дәмі үшін сұранысқа ие екенін айтады. Оның басты ерекшелігі – тапиокидан жасалған маржан түйіршіктері.
Тапиока маниок өсімдігінің тамырынан жасалады. Оны ұсақтап, крахмалын жуып алады. Көп мекемеге өнім осы күйінде жеткізіледі. Содан кейін крахмал сумен араластырып, қайнатады және түйіршіктер тәтті дәм мен қажет консистенцияға ие болуы үшін карамель сиропын қосады. Дайын болған тапиоканы сүт қосылған шайға салады. Соңында тұтынушының талғамына қарай сусынға жеміс-жидек, шоколад немесе басқа да қоспалар қосылады.
Тапиоканың құрамында қант пен крахмал көп. Сондықтан оны тым жиі тұтыну ұсынылмайды. Сонымен қатар, кейбір өндірушілер "маржандарға" қоюлатқыштар мен бояғыштар қосады. Олар денсаулыққа шынымен қауіпті болуы мүмкін, бірақ оларды ажырату оңай.
"Меніңше, кез келген нәрсенің өз шегі болуы керек. Сондықтан ішуге болады, бірақ жиі емес. Тапиоканың кейбір түрлері, мәселен, ішінде шырыны бар, жарылатындары болады. Олардың құрамында химиялық қоспалар көп, сондықтан жиі ішуге болмайды. Жалпы, тапиока – өте калориялы өнім", - деді бариста Маржан Серікқызы.
Дәрігерлер де бабл-тиге әуес болмауға кеңес береді. Мамандардың айтуынша, жыл сайын асқазан-ішек жолдары ауруларына шалдыққан жасөспірімдердің саны артып келеді.
"Кейінгі уақытта созылмалы іш қату мен эпигастраль аймақтағы жайсыздыққа шағымданатын емделушінің көбейгенін байқап отырмыз. Артық салмақ пен инсулинге төзімділік (инсулинорезистентность) белгілері бар жас науқас өте көп. Бұл адамдар фастфуд пен осындай сусындарды жиі ішеді", - деп атап өтті гастроэнтеролог дәрігер Майгүл Шәмшидинова.
Дәрігерлер бабл-тиді аптасына бір реттен артық ішпеуге кеңес береді. Сонымен қатар, оны басқа тағамдармен араластырмай, бөлек бір мезгіл ас ретінде қабылдаған жөн.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!