Халық емі әдістерін қолдану кезінде науқастың денсаулығына зиян келтірген емші "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 132-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Астана қаласындағы №9 емхананың педиатр-дәрігері Наркес Әділханова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол халық арасында дәстүрлі емес медициналық амалдарды қолданатын емшілердің де көп екенін атап өтті. Бұл орайда, көпшілік дәстүрлі және халықтық медицина (емшілік) нысандарында да санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталуы тиіс екенін білген жөн.
"Мәселен, қазір көптеген адам жасататын хиджама қан қысымының төмендеуіне, анемияға алып келеді. Одан бөлек, бұл әдістен инфекциялық аурулардың таралу қаупі жоғары болады. Қан арқылы жасалатын кез келген медициналық процедура адамның өмірі үшін қауіпті. Нақтылай айтқанда, АИТВ, гепатит инфекцияларын жұқтыру қаупін туындатады", - дейді Наркес Әділханова.
Оның айтуынша, хиджаманы 12 жасқа толмаған балаларға, аяғы ауыр әйелдерге және жасы 60-тан асқан қарияларға, тіпті жасатуға болмайды. Сондай-ақ қан қысымы төмен, созылмалы жүрек, қан-тамыр аурулары мен психикалық ақаулары бар адамдарға және онкологиялық дертке шалдыққандарға тыйым салынады.
Айта кетейік, сапасыз қызмет көрсету немесе денсаулыққа зиян келтіру туралы кез келген шағымдармен Ішкі істер органдарына жүгінген жөн.
Емшілік әдістерін қолдану кезінде адам денсаулығына зиян келтірген адам "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодекстің 132-бабына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!