Жаңа маусым қазақстандық балуандар үшін үлкен мүмкіндіктер мен маңызды сынақтардың кезеңі болмақ. Кезекті олимпиадалық маусым бірқатар ірі турнирден басталады. Сонымен қатар жас спортшыларға өз әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Дәстүр бойынша маусымдағы алғашқы ірі турнирлердің бірі Болгарияда өтетін "Дан Колов – Никола Петров" халықаралық жарысы болмақ. Ол 23-26 қаңтар аралығында Варнада өтеді. Медальдар еркін күрес, грек-рим күресі және әйелдер күресі бойынша сарапқа салынады.
Кейіннен рейтингтік маңызға ие Zagreb Open турнирі өтеді. Оны Хорватияның Загреб қаласы қабылдайды. Жарыс 5-9 ақпан аралығында өтеді. Айта кетейік, ақпан айы халықаралық күнтізбе бойынша қарбаласқа толы болады. Ай бойы бірқатар халықаралық жарыс ұйымдастырылады, сондықтан Қазақстан құрамасының бапкерлер штабына ұлттық құрамды сынақтан өткізу үшін мүмкіндік жеткілікті.
Наурыз айында Қазақстан құрамасы ересектер арасындағы Азия чемпионатында өнер көрсетеді. Биыл құрлықтық біріншілік Иорданияның Амман қаласында 25-30 наурыз аралығында өтеді.
UWW күнтізбесіне Жақсылық Үшкемпіровтың құрметіне арналған турнир де енгізілді. Ол 9-13 сәуір аралығында Астанада өтеді. Бұл жарысқа тек Қазақстандық грек-рим күресінің балуандары емес, сонымен қатар басқа елдердің спортшылары да қатысады.
Одан кейін рейтингтік және халықаралық турнирлердің кезекті сериясы басталады. Кейбір жарыстарда қазақстандық спортшылардың да медаль үшін таласуға мүмкіндіктері жеткілікті. Маусым айында құрама Италияда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін "Маттео Пелликоне" мемориалына қатысуы ықтимал.
Сондай-ақ, маусым айында 17 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасында Азия чемпионаты өтеді. Бұл жарыс 14-22 маусым аралығында Вьетнамның Вунгтау қаласында ұйымдастырылады. Ал 5-13 шілде аралығында U15 және U20 жас санатындағы құрлықтық біріншілік Қырғызстанның Бішкек қаласында өтеді.
Шілде айының басты жарысы – 17 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионаты. Ол 28 шілде мен 3 тамыз аралығында Грекияның Афина қаласында өтеді. Тамыз айында жастар арасындағы әлем чемпионаты ұйымдастырылады. U20 жас санатындағы әлемдік біріншілік 18-24 тамыз аралығында Болгарияның София қаласында өткізіледі.
UWW жарыс күнтізбесіне сәйкес, қыркүйек айында басты назар екі жарысқа аударылады. 8 қыркүйекте Бахрейнде өтетін жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары аясындағы күрес турнирі басталады. Ал 13-21 қыркүйек аралығында Хорватияның Загреб қаласында ересектер арасындағы әлем чемпионаты өткізілуі жоспарланған.
Қазан айында Қазақстан құрамасы тағы бір әлем чемпионатына қатысады. Бұл жолы Сербияның Нови-Сад қаласында жастар арасындағы әлем біріншілігі өтеді. Жарыс 20-26 қазан аралығына жоспарланған.
Ұзақ маусым халықаралық жарыстармен аяқталады. Соның ішінде дәстүрлі түрде Таразда өтетін Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған турнир бар. Ол 3-5 қараша аралығында ұйымдастырылады.
Әрине, құрамамыз үшін басты басымдық – әлем және Азия чемпионаттары. Балуандарымыздың дайындығына арналған бағдарлама күшейтілген жаттығу жиындарын, сондай-ақ халықаралық және рейтингтік турнирлерді қамтиды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!