Қазақстандық балаларға Ұлттық қордан алғашқы төлем түсе бастады

Қазақстандықтарға "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы бойынша алғашқы төлемдер түсе бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бағдарламаға қатысатын балалардың арнайы шотына 100,52 доллар түсті.

Баланың ЖСН-ін қажетті бөлімге енгізу арқылы kids.enpf.kz сайтындағы балалардың шоттарында қаражаттың бар-жоғын тексеруге болады.

Қазақстанның азаматы болып есептелетін балалардың бәріне жыл сайын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық табысының 50 пайызы есептеледі. Бұл ретте табыс есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл бойынша орташаланады. Есепті жылы балалардың бәрі қаржыны бірдей мөлшерде алады.

Бұдан бөлек, балаларға есепті жылға дейінгі жылдары есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында инвестициялануды жалғастыра береді. Нәтижесінде оларға қосымша инвестициялық кіріс есептеледі.

Бала 18 жасқа толғаннан кейін жинақтарды екі мақсатқа - тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және (немесе) білім алуға пайдалана алады.

Егер жинақты алушы қайтыс болған жағдайда, бұл Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!