Қазақстандық балалар арасында ең жиі тараған ауру түрлері белгілі болды

Қазақстандық балалар арасында ең жиі тараған ауру түрлері белгілі болды
Фото: uganka.ru

Елімізде соңғы үш жылда балалар арасында ең жиі тараған ауруларға қатысты деректер белгілі болды. Атап айтсақ, аутизм, церебралды сал ауруы, психологиялық дамудың кешеуілдеуі (ЗПРР) және қант диабетіне шалдыққан балалар саны анықталды. Толығырақ Massaget.kz тілшісінің материалында. 

Қазақстанда соңғы үш жылда аутизм диагнозымен ауыратын балалардың саны жыл санап артқаны белгілі болды. Нақтырақ айтсақ, 2021 ж. - 1204, 2022 ж. - 1626, 2023 ж. - 2 260 бала аутизмге шалдыққан. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі редакция жолдаған сауалға берген жауабында мәлімдеді. 

Ресми деректер не дейді?

"Церебральдық сал ауруымен соңғы  3 жылда бірінші рет анықталған балалар саны: 2021 ж. - 5130, 2022 ж. - 4471, 2023 ж. - 4974. Психологиялық дамудың кешігуі диагнозымен бірінші рет анықталған балалар саны: 2021 ж. - 158, 2022 ж. - 118, 2023 ж. - 74. 2023 жылдың қорытындысы бойынша инсулинге тәуелді қант диабеті диагнозымен диспансерлік есепте 5494 бала тұр" деп мәлімдеді ведомство. 

Сондай-ақ, аталмыш ауру салдарынан тіркелген өлім-жітім есебі де жария етілді. Соңғы үш жылда қант диабетіне шалдыққан 27 бала көз жұмған. Церебралды сал ауруымен туылған балалардың да өлім-жітім саны азаймай тұр. Үш жылда 432 өлім дерегі тіркелді. 

Ведомство жоғарыда аталған ауру түрлерінен бөлек елімізде 0-17 жас аралығындағы балалар арасындағы сырқаттану бойынша  тыныс-алу жүйесінің, асқорыту жүйесі мен жүйке-жүйесінің аурулары алдыңғы орында тұрғанын хабарлады. 

Сирек кездесетін аурулары бар балалар жайы

Қазақстанда негізінен 18 жасқа дейінгі балаларға барлық медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде көрсетіледі. Бұл туралы министрлік мәлімдемесінде айтылды. Сондай-ақ, ведомство еліміздегі сирек кездесетеін ауруларға шалдыққан балалр санын атады.

"Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ - 75 «Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес қажетті дәрлік заттармен тегін қамтамасыз етіледі. 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жедел ақпарат бойынша сирек аурулары бар балалардың саны 22 700 асады" делінген жауапта. 

Себеп неде?

Аутизммен ауыратын балалардың санының артуының себебін ҚР Білім және ғылым ҒЗИ "Генетика және физиология" институты жанындағы зертхана маманы Озада Хамдиева түсіндіріп берді. Ол балалар арасындағы тараған аутизмнің 5 негізгі себебін атап көрсетті. 

1. Диагноз қоюдың жақсартылған әдісі. Аутизммен және эпилепсиямен ауыратын балалар санының көбеюінің бірінші және негізгі себептерінің бірі диагноз қоюдың жақсартылуында. Заманауи диагностикалық әдістер осы жағдайларды жақсырақ және дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Бұрын аутизмнің жеңіл түрі немесе сирек ұстама ауруы бар балаларға диагноз қойылмай қалуы мүмкін еді. Бүгінгі күні медицина мамандары мен ата-аналар бұл жағдайлардың белгілерін ерте байқап, дұрыс диагноз қоюға бейімделді. 

2. Егде жастағы ата-аналар. Орта жастағы ата-аналар мутацияланған ұрықтарды таратады. Мутацияланған ұрық жасушалары мидың дамуына әсер ететін генетикалық ауытқулардың қаупін арттыруы мүмкін. Зерттеулерге сәйкес, егде жастағы ата-анадан туған балаларда аутизм және басқа неврологиялық аурулардың даму қаупі жоғары болып келеді.

3. Қоршаған ортаның әсері. Қоршаған орта мен қоректік факторлардың әсері де бар.  Ауыр металдар, пестицидтер, ауаның ластануы, вирустық инфекциялар және жүктілік кезінде кейбір дәрі-дәрмектерді қолдану сияқты қоршаған орта факторлары да аурудың жиілігін арттыруда рөл атқаруы мүмкін. Кейбір зерттеулер фолий қышқылы мен D дәрумені сияқты қоректік заттардың жетіспеушілігінен аутизм және эпилепсия ауруларының қаупі артатынын көрсетті. 

4. Эпигенетикалық факторлар. Ағымдағы зерттеулер эпигенетикалық өзгерістер, яғни қоршаған орта факторларынан туындаған гендердің экспрессиясының өзгеруі аутизм мен эпилепсия жиілігінің артуына ықпал етуі мүмкін деп болжайды. Токсиндер, ластану, жұқпалы аурулар және диета сияқты факторлардың әсері гендердің жұмыс істеуіне әсер етіп, осы жағдайлардың даму ықтималдығын арттырады.

5. Генетикалық факторлар. Аутизм де, эпилепсия да генетикалық мутациялармен байланысты болуы мүмкін. Келесі ұрпақ секвенциясы, экзомалық реттілік және геномдық реттілік сияқты заманауи генетикалық әдістер аутизм мен эпилепсия диагнозын айтарлықтай дамытып, осы жағдайлардың сирек кездесетін генетикалық себептерін анықтауға көмектесті.

Сондай-ақ ол, жоғарыда аталған аурулардан бөлек аллергия, астма, семіздік, гипербелсенділік пен зейін жетіспеушілігінің белгісі (ГЗЖБ) синдромдарының да тым жиілеп кеткенін атады. 

"Соңғы жылдары атопиялық дерматит (экзема) және тағамдық аллергиямен ауыратын балалар көбейіп келеді. Онымен қоса тағы бір ауру – астма. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, бұл ауа сапасының нашарлауы, урбанизация және климаттың өзгеруімен байланысты көбейіп барады. Одан кейін жиі кездесетін тағы бір ауру – семіздік. Оның салдары диетаның өзгеруіне (калория мен қантты сусындардың артуы) және физикалық белсенділіктің төмендеуіне байланысты болып отыр. Сондай-ақ, соңғы кездері психикалық бұзылулардың, соның ішінде мазасыздықтың, депрессияның және зейіннің жетіспеушілігінің гиперактивтілігінің бұзылуының (СДВГ) жиілігі артты. Бұл білім беру ортасындағы балаларға қысымның күшеюінен, отбасылық мәселелерден және әлеуметтік желілердің ықпалынан болуы мүмкін" деді Озада Хакимқызы. 

Қалай алдын аламыз?

Озада Хамдиева балалар арасында тараған ауруларға байланысты ата-аналарға қатаң ескерту жасады. Ол туа біткен аурулардың қаупін азайту және болашақ баланың дамуына оңтайлы жағдайларды қамтамасыз ету үшін бала жоспарламас бұрын мұқият дайындалуға кеңес берді:

  1. Генетикалық кеңеске жүгіну. Ата-аналарға генетикалық аурулардың берілу қаупін түсінуге және жүктілікті жоспарлауға қатысты негізделген шешім қабылдауға көмектесетін генетикалық кеңестен өту қажет. Отбасында тұқым қуалайтын аурулары бар жұптарға генетикалық тексеруден өті міндетті саналады. 
  2. Салауатты өмір салтын сақтау. Болашақ ата-аналардың, әсіресе аналардың салауатты өмір салтын ұстануы және тамақтануы маңызды. Жүктілікке дейін және жүктілік кезінде фолий қышқылын қабылдау өте маңызды, өйткені ол жұлын бифида сияқты ұрықтың жүйке түтігінің туа біткен ақауларының алдын алады.
  3. Медициналық тексеруден өтіп, екпе алу қажет. Егер болашақ ананың созылмалы аурулары болса (мысалы, қант диабеті немесе гипертония), олар жүктілікке дейін бақылауда болуы керек. Бақыланбайтын жағдайлар туа біткен жағдайлардың қаупін арттыруы мүмкін. Жүктілікті жоспарламас бұрын, болашақ ата-ананың, әсіресе ананың қызамыққа қарсы вакцина сияқты қажетті екпелерді алғаны абзал.
  4. Химиялық заттар мен радиациядан аулақ болу.  Болашақ ата-аналар, әсіресе жүктілікті жоспарлап жүрген жандар химиялық заттар мен радиациядан алшақ жүргендеріңіз дұрыс. Ауыр металдар, токсиндер және ластаушы заттар сияқты зиянды дүниелердің әсері ұрықтың дамуына теріс әсер етуі мүмкін.
  5. Дәрігер кеңесін жүйелеу. Бала көтермес бұрын болашақ ата-аналар дәрігер қабылдаған барлық дәрі-дәрмектерді алдын-ала талқылағаны жөн. Кейбір препараттар ұрықтың дамуына қауіп төндіруі мүмкін, ал дәрігерлер сіздерге қауіпсіз баламаларды ұсынатын болады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!.

Д. Литпин