Ақмола облысында патрульдік полиция қызметкерлері қазақстандық азаматты Қырғыз Республикасының атына жасалған жалған құжаттармен ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
17 қазан күні Астанаға қарасты патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Астана–Қорғалжың автожолында Mercedes-Benz автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында жүргізуші өзін Қырғыз Республикасының азаматы деп таныстырып, полицияға жеке куәлік пен жүргізуші куәлігін ұсынды. Алайда тексеріс нәтижесінде құжаттардың жалған екені анықталды.
Патрульдік полиция қызметкерлері оның Қазақстан аумағында болу мақсатына және мемлекеттік шекараны кесіп өтуіне байланысты қосымша сұрақтар қойып, көші-қон қызметінің мәліметтер базасынан мұқият тексеру жүргізді. Нәтижесінде, осындай аты-жөндегі шетелдік азаматтың Қазақстан шекарасын мүлде кесіп өтпегені белгілі болды. Осы жағдайдан кейін жүргізуші Целиноград ауданының полиция бөліміне жеткізілді.
Бұл азамат биыл ақпан айында Екібастұзда мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталған. Екібастұз қалалық сотының шешімімен ол әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған болатын. Алайда заңды айналып өту мақсатында, ол Қырғыз Республикасының атына жасалған жалған жүргізуші куәлігін пайдалануға тырысқан.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлері жүргізушіге қатысты әкімшілік хаттама толтырып, көлігін айып тұрағына жапты. Сонымен қатар жалған құжаттардың қай жерде және қандай жағдайда жасалғанын анықтау жұмыстары жалғасуда.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!