Қазақстандық әйел интернеттегі әдіспен емделемін деп ауыр жағдайға душар болған

Қазақстандық әйел интернеттегі әдіспен емделемін деп ауыр жағдайға душар болған
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қазақстандық әйел қан қысымын түсіру үшін куркума қосылған сірке суын ішіп, ауыр жағдайда ауруханаға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға Шымкентте болған. Бұл туралы №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позилов айтып берді.

"53 жастағы әйел қан қысымын төмендету үшін интернеттегі кеңестерді қарап, алма сірке суы мен куркуманы араластырып ішкен. Соның салдарынан ол анафилактикалық шокқа түсіп, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Диагнозы: Лайелл синдромы - аллергиялық буллезді дерматиттің ең ауыр түрі", - деді дәрігер.

Назар аударыңыз! Видеоны сезімтал адамдарға көру ұсынылмайды.

Дәрігердің айтуынша, науқас екі күн бойы өте ауыр жағдайда болған. Дәрігерлердің күшімен әйелдің өмірін сақтап қалу мүмкін болды.

"Халық арасындағы емдеу әдістері кейде тиімсіз ғана емес, денсаулығыңызға айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін. Сақ болыңыздар, бұл пациенттің аман қалғаны - үлкен сәттілік", - деп жазды Позилов.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан