Қазақстандық әйел баласын “екі жерде босанған“

Қазақстандық әйел баласын "екі жерде босанған", - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жоғарғы сотқа сілтеме жасап. 

Жамбыл облысы Талас ауданының тұрғыны 2008 жылдың қаңтарында баласын босанған. Кейін ол ата-анасына Алматы облысына көшіп, сол жылдың қазан айында жергілікті АХАЖ бөлімінде баласына туу туралы куәлік рәсімдеген.

Бірнеше жыл өткен соң деректер базасында екі жарамды туу туралы куәлік бар екені анықталды. Біреуі – баланың туған жері бойынша, екіншісі – анасының тұрғылықты жері бойынша тіркелген. 2023 жылдың қазан айында баланың анасы Жамбыл облысының АХАЖ органына факті бойынша алмаған туу туралы куәлікті жою туралы өтінішпен жүгінді. АХАЖ органының бас тартуына байланысты ол сотқа шағымданды.

Жамбыл облысының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді ұйымдастыру қағидаларының 21 және 25-тармақтарына сәйкес баланың туылуын мемлекеттік тіркеу үшін тиісті арыз тіркеуші органға бала туылған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде жіберілуі тиіс екенін атап өтті. Жамбыл облысының АХАЖ органы мүдделі тұлғалардан мұндай арыздың түскенін дәлелдейтін құжаттар ұсынбағандықтан, сот талап қоюды қанағаттандырып, туу туралы куәлікті жоюға міндеттеді.

Жамбыл облыстық АХАЖ-ы бұл шешімге келіспей, апелляцияға шағымданды. Облыстық сот тараптарды татуластыру үшін шаралар қабылдап, нәтижесінде тараптар өзара келісімге келді.

Сот тараптар арасында дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітті. Талап қоюшы өз талабын қайтарып алуға, ал жауапкер артық акт жазбасын жоюға келісті.

Тараптар қол жеткізілген нәтижені қанағат тұтып, дауды тараптар өзара тиімді шарттармен шешудің тиімділігін және одан әрі сот процестерін болдырмауды маңызды деген шешімге келді.

Сот талап қоюшыға төленген мемлекеттік бажды қайтару туралы шешім шығарды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!