Қазақстандық ардагердің төсбелгісін нидерландық ер адам сатып жіберген

Қазақстандық ардагердің төсбелгісін нидерландық ер адам сатып жіберген
Фото: kstnews.kz

Қостанайлық ҰОС ардагерінің наградасы 8 мың еуроға сатылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Костанайские новости" басылымына сілтеме жасап.

Әңгіме Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Петр Родионовқа тиесілі "Золотая Звезда" медалі туралы болып отыр. Ол соғыстан кейін Қостанай облысы Амангелді ауданы Тасты ауылында тұрған. Петр Родионов 1978 жылы қайтыс болған.

"Костанайские новости" басылымы мәліметінше, 2022 жылғы қарашадан бастап ардагердің №8825 медалі ағылшын тіліндегі фалеристика сайттарының бірінде сатылымға шығарылған. Сатушы ретінде голландиялық Мэтт Янсен көрсетілген. Мэтт Янсен медальді 8 мың еуроға (3 923 359 теңгеге) бағалаған.

Мақала авторы Қазақстанда өмір сүрген ардагердің марапаты Нидерландқа қалай барғанына таңғалған. Ардагер қайтыс болғаннан кейін медаль Петр Родионовтың ең жақын туыстарына мұра болды деген болжам бар.

Басылым "Стан-Центр" директоры Андрей Выпользовтың ақпаратын берген, ол Нидерланд азаматымен хабарласқан.

"Біз Кеңес Одағының батыры Петр Родионовтың медалін сатушы Мэтт Янсенмен байланысқа шықтық. Хат-хабарларға қарағанда, бұл - ақылды, білімді еуропалық азамат, ол үшін кеңестік наградаларды сату - "жай бизнес". Ол тіпті медаль сатылып кеткеніне өкініш білдірді. Алайда медальді кімге сатқанын айтпады. Оның айтуынша, бұл - коммерциялық құпия", - делінген басылым мәліметінде.

Айта кетейік, Петр Родионов 254-ші миномет полкі батареясының аға барлаушысы болған (Ленинградтың 27-ші минометшілер бригадасы, Жоғарғы қолбасшылық резервінің серпінді 5-гвардиялық Сталинград артиллериялық дивизиясы, 2-украиналық майданы). Ол 1923 жылы Татарстан ауылдарының бірінде дүниеге келген. 1942 жылы сәуірде әскер қатарына шақырылған. Орталық, Батыс, Ленинград, 2-Украина майдандарында шайқасып, үш рет жараланған.

1946 жылы әскерден босатылып, Торғай облысы Амантоғай ауданы Тастинское ауылында, қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданы Тасты ауылында тұрған. Петр Родионов мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Тасты ауылындағы көшеге есімі берілген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек