Қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенов Витебскте өтіп жатқан эстрада әндері орындаушыларының XXIV халықаралық "Славян базары-2015" конкурсының Гран-приін иеленді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Instagram парақшасында әнші Әлішер Кәрімов жазды. Балаларға арналған конкурста Луиза Нұрқуатованың жүлдегер атанғаны белгілі болып отыр.
"Қазақстан!!! Сүйінші! 24 жылда біздің еліміз Славян базары жүлдесінің Гран-приін алғаш рет иеленді!!! Балаларға арналған конкурста Луиза Нұрқуатова жүлдегер атанды! Біздің еліміз таланттарға бай. Алға Қазақстан!!! Бұл видео кең таралады деп сенемін, себебі, бұл жеңіс туралы бүкіл Қазақстан білу керек!!!!!!", - деп сүйіншіледі ол.
Димаш Құдайбергенов Қазақстан тәуелсіздік алған 24 жылда "Славян базары-2015" байқауының жеңімпазы атанған алғашқы әнші. Үш күн болған шарада қазақстандық әнші оқ бойы озық болды.
Еске салайық, қазақстандық әнші конкурстың бірінші күнінде де көш бастаған еді. Құдайбергенов Константин Меладзенің "Опять метель" әнін орындады. Қазылар алқасының латвиялық өкілі Интарс Бусулистен басқа мүшелері түгелдей ең жоғары балл берді.