Қазақстандық анимациялық фильм халықаралық фестивальде жеңімпаз атанды

Қазақстандық анимациялық фильм халықаралық фестивальде жеңімпаз атанды
Фото: gov.kz

Қазақстандық анимациялық фильм Испанияда өткен фестивальде 1500 үміткердің ішінен үздік атанды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жарыққа шыққан "Бесік жыры" қысқаметражды анимациялық фильмі Испания астанасы Мадридте өткен беделді кинофестивальде "Ең үздік қысқаметражды анимациялық фильм" жүлдесін жеңіп алды.

MADFA Madrid Film Awards - 2023 ХХ халықаралық байқауға 1500 анимациялық жұмыс үміткер ретінде ұсынылған. Мадрид киножүлдесі MADFA (MFA) IMDb ресми конкурсына кіреді. Фестиваль жыл сайын өз алаңында әлемнің ең үздік туындылары мен талантты режиссерлердің басын қосады.

"Қазақстандық анимациялық фильмнің беделді халықаралық байқаудың бас жүлдесін иеленгені отандық анимация саласының оң бағытта дамып келе жатқанының көрсеткіші деп санауға болады. Мәдениет және спорт министрлігі 2030 жылға дейін жалпы прокаттағы қазақстандық фильмдердің, оның ішінде анимациялық фильмдердің үлесін 35 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Ол үшін жыл сайын кемінде 10 анимациялық жоба жасалатын болады. Былтыр елімізде алғаш рет "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігі құрылды. Бұл ұйым отандық анимация мамандарының шеберлігін шыңдап, анимациялық жобаларды шығаруға қолдау көрсетеді",- деді мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек