Ақтаудағы әуе апатынан аман қалған Әзербайжан азаматтары хал-жағдайы туралы айтып, Қазақстан дәрігерлеріне алғысын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Report порталына сілтеме жасап.
"Саусағым сынып, гипс салынған, бірнеше жерім көгерген. Қазақстандағылар жақсы қамқор болды. Мұнда да бізге жақсы қарап жатыр. Біз бәріне ризамыз. Бұдан жақсы болуы мүмкін емес - бізге ең жоғары деңгейде қамқорлық көрсетіліп жатыр," - деді Ақтаудағы әуе апатынан кейін Әзербайжанға жеткізілген Загатал ауданының тұрғыны Нурулла Сираджов.
Ол сондай-ақ әйелінің тағдыры туралы ештеңе білмейтінін айтты.
"Мен оның қайда және қандай жағдайда екенін білгім келеді. Онымен кездескім келеді. Ұшақта біз бірге отырғанбыз. Содан кейін оны көрген жоқпын. Әйелімді қатты сағындым", - деді ол.
Ақтаудағы ұшақ апатынан зардап шеккен тағы бір адам - Самир Дарвишов, ол Грозныйға әкесімен бірге ұшқанын айтты. Олар бауырын көріп, жұмыс іздеу үшін бара жатқан.
"Менің жағдайым тұрақты. Дәрігерлер бізге өте жақсы қамқорлық көрсетіп жатыр. Мен барлық тексеруден өттім. Қазақстанда бізге де жақсы қарады, оларға рақмет", - деді ол.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.
Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды.
Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
Көліктегі Полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.
Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15:55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.
Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!