Биыл 11 айда қазақстандықтарға 2,7 триллион теңгеден астам сомаға зейнетақы төленді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, қарашада республикалық бюджеттен зейнетақы төлемдеріне 245,9 миллиард теңге, оның ішінде базалық зейнетақыны төлеуге - 74,9 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақыны төлеуге - 171 миллиард теңге бөлінді.
1 желтоқсандағы жағдай бойынша, зейнеткерлер саны 2 миллион 276 мың адам. Сондай-ақ зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері (базалық зейнетақы төлемін ескере отырып) 108 960 теңге болған.
"2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске саламыз. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі - МЗЖ) төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады", - делінген хабарламада.
Ал "2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Заңға сәйкес жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап алынатын мөлшерден 10,5 пайызға артады.
Сондай-ақ, министрлік мәліметінше, ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыс мөлшерін 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайту көзделген.
Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері келесі жылы 40 567 теңге, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты, сондай-ақ ең төменгі мөлшердің ең төменгі күнкөріс деңгейінен 54 пайыздан 60 пайызға дейін ұлғаюына байланысты арттырылатын болады.
Осылайша, базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, зейнетақылардың ең төменгі мөлшері 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 68 223 теңгеден (2022 жылы) 77 417 теңгеге дейін артады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!