Қазақстандағы су тасқыны: қазіргі уақытта не белгілі?

Қазақстандағы су тасқыны: қазіргі уақытта не белгілі?
Фото: ТЖМ

Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте Қазақстандағы су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпарат ұсынылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазіргі уақытта 3686 жеке тұрғын үй, 557 аула аумағы, 1822 саяжай су астында қалды. Бұл Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында.

"Су тасқыны басталғаннан бері 72 029 адам құтқарылды, оның 16 078-і балалар. Уақытша орналастыру орталықтарында 14 368 адам бар, оның 7 200-і балалар", - деді ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаменті басшысы Қаһарман Оразалин.

7,5 миллион текше метрден аса еріген су сорылып, 950 мың тоннаға жуық қап пен 976 мың тонна инертті материалдар төселгені айтылды. Құтқару жұмыстарына 12 455 адам мен 7 ұшақ жұмылдырылған.

"Атырау, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары Республикалық жедел штаб бақылауында", - деп қосты Оразалин.

"Қазгидромет" РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлованың айтуынша, 8 сәуірде республиканың басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады, жаңбыр жауады, түнде солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта жауын-шашын болады (жаңбыр қарға айналады). 8 сәуірде күндіз Қазақстанның орталығында нөсер жауады деп болжанған.

"Ауа температурасы күндіз еліміздің батысы мен шығысында 13-20 градус жылы, республиканың солтүстік-батысында және солтүстігінде 7-15 градус жылы, орталықта 12-17 градус жылы болады деп күтіледі. Еліміздің оңтүстігінде 20-25 градус, республиканың оңтүстік-шығысында 17-22 градус жылы", - деді Алина Исмағұлова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Д. Шәріпхан