Қазақстандағы статистикалық деректер шындыққа жанаспайды - депутат

Қазақстандағы статистикалық деректер шындыққа жанаспайды - депутат
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Мәжіліс депутаты Асхат Рақымжанов еліміздегі кейбір статистикалық деректер шындыққа жанаспайтынын, бүгінде ең төменгі күнкөріс деңгейі 115 мың теңге болуы керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутаттық сауал премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолданды. Асхат Рақымжановтың пікірінше, әлеуметтік саясатты қайта қару керек.

"Конституцияда Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекеттік деп жариялады. Оның ең басты байлығы – адам, оның өмірі, құқығы және бостандығы. Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы есептік көрсеткіштердің әлеуметтік қорғау стандарттарын қайта қарау керек деп есептейді. Ең төменгі күнкөріс деңгейі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін, мүгедектiгi және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақыны, мүгедек баланы тәрбиелеушілерге тағайындалған жәрдемақыны белгілеуге негіз болып отырғандықтан, ең төменгі күнкөріс деңгейін анықтау әдістемесі өмір сүру сапасының базалық стандартына жауап беруі керек", - деді депутат.

Оның айутынша, қазір азық-түлік себеті 43 түрлі азық-түлік атауынан тұрады.

"Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бір тәуліктегі энергетикалық қажеттіліктің 2175 ккалын қамтамасыз етеді. Азық-түлік санын 43-ке дейін төмендетуді негізсіз деп санаймыз. Себебі Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 9 желтоқсандағы "Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормаларын бекіту туралы" № 503 бұйрығында 64 түрлі азық-түлік атауы белгіленген. Біз бұл көрсеткішті де аз және халықаралық стандарттарға жауап бермейді деп санаймыз. Еліміз дамыған елдермен терезесін теңестіруге ұмтылуы керек. Мысалы, Францияда бұл көрсеткіш 500-ден аса тауардан тұрады", - деді Асхат Рақымжанов.

Депутат Қазақстандағы кейбір статистикалық деректер шындыққа жанаспайтынын атап өтті.

"Партиямыз еліміздегі азық-түлік бағасына мониторинг жүргізеді. Биыл мамырдың басында біздің есебімізге сәйкес, азық-түлікке орташа алғанда 63 641 теңге жұмсалады. Мұны ескерсек, ең төменгі күнкөріс деңгейі 115 710 теңге болуға тиіс. Статистика органдары басқа сандар беріп отыр. Сондықтан мемлекеттік әлеуметтік қорғау саласына жаңа бағыт қажет", - деді ол.

Асхат Рақымжанов жаңа азық-түлік себетін қалыптастыру үшін арнайы жұмыс тобын құру мәселесін қарастыруды ұсынды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Есен