Қазақстандағы орташа зейнетақы қанша?

Қазақстандағы орташа зейнетақы қанша?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Қазақстандағы орташа зейнетақы қанша екені белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 2 триллион 803 миллиард теңге сомасына зейнетақы төленді, оның ішінде базалық зейнетақы төлеуге - 882,8 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге - 1 триллион 920,2 миллиард теңге қарастырылды.

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны - 2 млн 413 мың адам.

2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 810 теңге, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері - 89 211 теңге, базалық зейнетақы - 42 599 теңге.

2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әрбір алушыға жеке тағайындалады.

Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.

Егер азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі 10 жыл немесе одан аз болса, сондай-ақ мүлде болмаса, базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 65 пайызына тең болса, содан кейін 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның мөлшері 2 пайызға артады. Мысалы, еңбек өтілі 20 жыл болса, базалық зейнетақы ең төмен күнкөріс деңгейінің 85 пайызы. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, күнкөріс деңгейінің ең жоғарғы мөлшерінде, яғни 105 пайыз белгіленеді.

Егер бір ай ішінде міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына бірнеше рет аударылса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір ай.

Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылатын болса зейнеткерлік жасқа жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері соғұрлым көп болады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина