"ҚазМұнайГаз" (ҚМГ) ұлттық компаниясының есептелген мұнай қоры 785 миллион тоннаны құрайды. Компания басшысы Асхат Хасенов бұл қор қанша жылға жететінін Үкімет кулуарында өткен брифингте айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz.
Асхат Хасеновтің айтуынша, компанияның қазіргі есептеліп расталған мұнай қоры өзі игеріп жатқан кен орындары мен бірлескен кәсіпорындардағы үлесін қамтиды.
– Бүгінде "ҚазМұнайГаз" қоры 785 миллион тонна мұнайды құрайды. Бұл – өзіміз оператор болып отырған жобалар мен бірлескен кәсіпорындардағы қор. Есептеуді жеңілдету үшін 800 миллион тонна деп алсақ, жылына 26 миллион тонна өндірген жағдайда қор 45 жылдан астам уақытқа жетеді, – деді Асхат Хасенов.
Компания басшысы қордың әрбір кен орны бойынша техникалық және экономикалық бағалау жүргізілетінін айтты. Кейін бұл мәліметтер мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылады.
Асхат Хасенов айта кеткендей, аталған мерзім мұнай өндіру 45 жылдан кейін толық тоқтайды дегенді білдірмейді. "ҚазМұнайГаз" геологиялық барлау жұмыстарын жалғастырып, өзінің ресурстық базасын тұрақты түрде толықтырып отырады.
– Бұл 45 жылдан кейін мұнай қоры толық таусылады деген сөз емес. Ресурстық база үнемі толықтырылып отырады, геологиялық барлау жұмыстары жүргізіледі. Ұңғыманы бұрғылап, мұнай ағынын анықтағаннан кейін оны бірден қор есебіне енгіземіз. Сондықтан көрсеткіштер тұрақты түрде жаңарып тұрады, – деп түсіндірді "ҚазМұнайГаз" басшысы.
Асхат Хасенов атаған 785 миллион тонна – тек "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының өзі қатысатын жобалардағы дәлелденген қор. Бұл көрсеткішті Қазақстан аумағындағы мұнайдың жалпы қорымен шатастырмау қажет.
Қазақстанның мемлекеттік есебінде тұрған мұнай қоры
Бұған дейін Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қанат Ерубаев Қазақстанның мемлекеттік есебінде 4 миллиард тоннадан астам мұнай қоры бар екенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, қазіргі өндіру көлемі сақталған жағдайда елдегі жалпы мұнай қоры шамамен 50 жылға жетуі мүмкін.
Осылайша, 45 жылдан астам деген болжам "ҚазМұнайГаздың" қорына қатысты айтылған. Ал шамамен 50 жылға жетеді деген есеп Қазақстандағы мемлекеттік есепке алынған барлық мұнай қорын қамтиды.