- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандағы мектеп мәселесі...
Қазақстандағы мектеп мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Елімізде мектеп мәселесі қашан да өзекті. Мектепке дейін және орта білім беруді дамытуға қатысты түрлі реформа жасалып, түрлі жоба қабылданып жатады. Соның бірі - "Жайлы мектеп" бағдарламасы.
Статистика не дейді?
Ресми статистика бойынша, биылғы оқу жылында Қазақстан бойынша 7687 мектеп болған. Бұл былтырмен салыстырғанда 137 мектепке көп. Былтыр ел бойынша 7550 білім мекемесі болған.
Аймақтар бойынша, биылғы оқу жылында ең көп Түркістан облысындағы мектеп саны көп. Өңірде барлығы 1004 мектеп бар. Ал одан кейінгі орында тұрған Ақмола облысында 559 мектеп бар. Үштікте 501 мектеппен Жамбыл облысы.
Ал Ұлытау облысы - мектеп саны ең аз өңір. Облыста барлығы 88 мектеп қана бар екен. Бұл облыс жаңадан құрылғанымен байланысты болуы мүмкін.
Фото: Pixabay
Мектеп қалада көп пе, әлде ауылда көп пе?
Статистикалық деректерді тізер алдында спойлер жасасақ - Қазақстанда ауылда мектер саны көп.
Қазақстанда, статистикаға сүйенсек, ауылдағы мектеп саны көп. Биыл ауылдарда барлығы 5 260 мектеп болған. Бір қызығы былтыр екі мектепке артық болған - 5 262. Ауылдағы мектеп саны бойынша да Түркістан облысы басым тұр. Облыстағы ауылдарда жалпы 842 мектеп бар.
Екінші орында 452 мектеппен Ақмола облысы. Өңірде былтыр мектеп саны көп болған. 2021-2022 оқу жылында Ақмола облысында 466 білім ошағы болған екен.
Ауылдағы мектеп саны бойынша үшінші орында - 413 мектеппен Алматы облысы. Бұл өңірде де биыл мектеп саны азайған. Былтырғы оқу жылында Алматы облысында 687 мектеп болған.
Қазақстан қалаларында барлығы 2427 білім ошағы бар. Бұл былтырмен салыстырғанда 139 мектепке көп. 2021-2022 оқу жылы республика қалаларында барлығы 2288 мектеп болған.
Фото: Pixabay
Қалалар бойынша Алматы қаласында мектеп саны көп екен. Шамамен 2,2 миллион адам тұратын оңтүстік астанада жалпы 333 мектеп бар. Былтырғы оқу жылында Алматыда барлығы 317 мектеп болған.
Мектеп саны бойынша екінші орында - 1,2 миллион тұрғыны бар Шымкент қаласы. Үшінші мегаполисте барлығы 251 білім ошағы бар. Ал мектеп саны бойынша үштікті аяқтайтын - Қарағанды қаласы. Көмірдің отаны саналатын Қазақстанныңң орталығындағы қалада 200 мектеп бар. Бірақ былтырғы оқу жылында Қарағандыда 38 мектепке артық, яғни 238 білім мекемесі болған.
Статистикаға көз шала байқайтынымыз - кейбір өңірде мектеп көп болса, енді бірінде аз. Бұл, әрине, ең бірінші кезекте жергілікті тұрғындар санына байланысты болуы мүмкін.
Мектеп мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Елімізде мектеп мәселесі өзекті проблемалардың бірі екені белгілі. Осы олқылықты шешу мақсатында "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қол алынған болатын. Бағдарламаның негізгі мақсаты - білім ошақтарындағы орын тапшылығын болдырмау, апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқуға мәжбүр мектептердің мәселесін шешу.
Фото: Тұрар Қазанғапов
Жоба бойынша қолға алынатын мектептердің артықшылығы - олар бірыңғай стандарттар бойынша сараланады. Яғни мектептердегі пәндерге арналған кабинеттер, компьютер сыныптары, зертханалардың бәрі бірдей стандарт негізі бойынша жабдықталады. "Жайлы мектеп" бойынша оқушыларға жасалатын тағы бір жағдай - олардың сөмкесін жеңілдетуге жағдай туады. Яғни мектептерде оқулықтар мен басқа да заттарды сақтауға арналған жеке шкафтар болады. Жоба бойынша балаларға жасалатын тағы бір жағдай - транформер парталар қойылады. Сонымен қатар, мектептің әрбір қабатында оқушылар тынығатын алаңдар болады.
"Жайлы мектеп" жобасы бойынша салынатын мектептердің интерьері де заманауи болады. Ал бастауыш және жоғары сыныптар бөлек блоктарда білім алады. Әр блокта жеке асханасы мен спорт залы болады. Үкіметтің мәліметінше, 2023-2025 жылдары дәл осындай 401 мектеп салу жоспарланған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина