Қазақстандағы медициналық білімді реформалаудың негізгі кезеңдері талқыланды

Қазақстандағы медициналық білімді реформалаудың негізгі кезеңдері  талқыланды
Фото: mzsr.gov.kz

Бүгін Астана қаласында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың, отандық және шетелдік медициналық ЖОО басшыларының және т.б. қатысуымен «Жетекші шетелдік университеттері мен медициналық ЖОО арасындағы стратегиялық серіктестіктің бірінші кезеңінің қорытындылары туралы» халықаралық конференция өз жұмысын бастады.

Конференцияда сөз сөйлеген Тамара Дүйсенова медициналық білімнің ары қарай жетілдірілуі клиникалық тәжірибе, медициналық білім мен ғылыми қызметтің үшбірлігінің негізінде  отандық медициналық ЖОО-ның әлеуетін нығайтуды қарастыратынын атап өтті.

Медициналық кадрларды дайындау саласында үздік халықаралық тәжірибені енгізу қазақстандық медицина университеттерінің шетелдік ЖОО-мен стратегиялық серіктестік негізінде жүзеге асырылады. Бұл ішкі және сыртқы нарықта отандық медициналық ЖОО-ның позицияларын нығайтуға, білім процесінің сапасын қамтамасыз етуге, ғылыми-зерттеу және  оқу-методикалық қызметті дамытуға мүмкіндік береді.

«Стратегиялық әріптестіктің бірінші кезеңінде ағымдағы жылы әрбір медициналық ЖОО    стратегиялық серіктестігін анықтап, келіссөздер жүргізді, меморандумдарға және келісімдерге қол қойды, ЖОО - дың қазіргі жағдайларының басым бағыттары бойынша стратегиялық серіктестермен бірлесе талдау жүргізген, жақсарту бойынша ұсыныстар берілген. Стратегиялық серіктестікті іске асыру бойынша негізгі шаралар 2017-2019 жылдарға белгіленген, соның ішінде, Дүниежүзілік даму банкі және ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі қоса қаржаландырған жоба аясында. Серіктестің негізгі нысаны консалтинг, менторлық, бірлесіп және сенiмгерлiк басқару болуы қажет» - деді Тамара Дүйсенова.

Конференция барысында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті және Дюк университеті (АҚШ), Батыс-Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті және К. Марцинков атындағы Познан медициналық университеті (Польша), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік фармацевтикалық академиясы және Гдан медициналық университеті (Польша), Қарағанды мемлекеттік медициналық университеті және Лунд университеті (Швеция), Семей қаласының мемлекеттік медицина университеті және Сент-Луис университеті (АҚШ), Астана медицина университеті және Ла Сапиенца университеттерінің (Италия) стратегиялық әріптестіктің 2016 жылға жұмысын қорытындылады. 2017-2018 жылдарға арналған ЖОО-ның стратегиялық серіктестіктерінің мақсаттарымен міндеттері, сонымен қатар Қазақстандағы медициналық білімді реформалаудың негізгі кезеңдері  талқыланды.

T. Кіршібаев