Қазақстанда 2020 жылға қарай барлық кітапхана қоры сандық жүйеге өтеді, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз орталығы.
Аталған сандық жүйе кітапхана қызметінің дамуына оң ықпал етіп, кітапхана қорын құру, сақтау және одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер береді.
«Бұл Қазақстандағы барлық кітапханалардың бірыңғай электронды каталогын құруға көмектеседі. Мұның ізін ала Қазақстан «ТМД елдерінің электронды кітапханасы» жобасына қосылады. Бұл жағдайда ресейлік қорларда сақтаулы тұрған ерекше кітаптар біздің азаматтар үшін де қолжетімді болмақ. Сонымен бір уақытта республикада алғаш рет сирек әрі ерекше кітаптар мен қолжазбалардың орталығы ашылады», - деп атап өтті ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетов.
Сонымен қатар, оқушылар үшін әдебиет пәні бойынша мектеп бағдарламасына үздік заманауи авторлардың шығармалары енгізіледі. Ал, еліміздің жас тұрғындарына арналған әдеби шығармаларды тегін жарнамалауға мүмкіндік беру қарастырылған. Қазақстандықтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында кітап оқуды қолдау жөнінде ведомствоаралық кеңес құрылады.