- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандағы клиникалық фармакологияның...
Қазақстандағы клиникалық фармакологияның дамуы мәселелері талқылануда
Бүгін Астанада клиникалық фармакологтар мен облыстық және Астана мен Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері үшін «Медициналық көмектің сапасын арттырудағы клиникалық фармакологияның ролі» тақырыбында бес күндік семинар басталды. Оған ҚР ДСӘДМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті басшысының міндетін атқарушы Лариса Пак пен ҚР бас клиникалық фармакологы Шолпан Калиева қатысты.
Өз сөзінде Лариса Пак халықты дәрілермен қамтамасыз ету мемлекеттің маңызды міндеті болып табылатындығын, сондай-ақ, фармацевтикалық секторды дамыту – ҚР үшін стратегиялық, әлеуметтік және экономикалық маңызға ие екенін атап айтты.
Жыл сайын екі миллионнан астам қазақстандықтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің аясында дәрілік заттармен амбулаториялық деңгейде 49 нозология бойынша, 400-ден астам дәрілік заттардың атауымен қамтамасыз етіледі. 2015 жылы амболаторлық дәрілік қамтамасыз етуді қаржыландыру көлемі 85 млрд. теңгені құрады.
«ҚР фармацевтикалық нарығының көлемі соңғы 10 жылда 3 еседен астам ұлғайып (2005 жылы ақшалай бағамы 465,3 млн. АҚШ долларын құраса, заттай көрінісі 356,2 млн. қаптама болды), қазіргі таңда 1,8 млрд-тан астам АҚШ долларын, заттай көрінісі 570 млн-нан астам қаптаманы құрады. Отандық өндірушілерді қолдау жүзеге асырылып келеді. Министрлік дәрілік қамтамасыз ету саясатын жетілдіру бойынша бірқатар ауқымды шараларды атқаруда», - деді Лариса Пак.
Сонымен қатар ол Қазақстанда дәрілердің, медициналық мақсаттағы бұйымдардың және медициналық техниканың сапасын бақылау мен оларды тіркеу қызметі реттелгенін атап айтты. Дәрілік заттарды бірыңғай жеткізуші ретінде құрылған «СК Фармация» ЖШС сатып алу шараларын логистиканың, сақтау мен дистрибуцияның халықаралық стандарттарына барынша сай болуына септігін тигізіп, денсаулық сақтау ұйымдарына дәрілік заттарды уақытылы әрі үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуде. Амбулаторлық деңгейде дәрілермен қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде, ол аталған процестің тазалығы мен мөлдірлігін қамтамасыз етеді. Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр құрылды, дәрілік ақпарат орталықтары жұмыс істеуде, контрафактілік және бұрмаланған препараттарды анықтауға арналған жылжымалы экспресс-зертханалар сатып алынды.
«16 қарашада Еуразия экономикалық одағының елдері (әрі қарай - ЕЭО) дәрілік заттардың ортақ нарығын құру туралы келісті. Құжаттарда көрсетілген ортақ әрі ашық нормалар ЕЭО аумағында артық сауда кедергілерін жойып, өндірушілердің шығынын азайтып, бәсекелестікті арттырады. Бұл өз кезегінде дәрілердің бағасы мен сапасына оң әсерін тигізеді», - деп айтты Лариса Пак.
Семинар аясында клиникалық фармакологтарды дайындау мен олардың денсаулық сақтау ұйымдарындағы қызметі, дәрілік заттарды тиімді пайдалану мен емдік шаралар нәтижесінің сапасын арттыру мәселелері талқыланды.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бағыттарының бірі – Ұлттық дәрілік саясатты жүзеге асыру және дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қолжетімділігін арттыру.
T. Кіршібаев