Соңғы оқиғалар фонында қайырымдылық тақырыбы бұрынғыдан да өзекті бола түсті. Біз қорлар туралы не білеміз? Олар қайда жұмыс істейді, қандай жобаларды қаржыландырады? Бұл сұрақтарға нақты жауап беру үшін Ranking.kz порталы ең ірі қайырымдылық қорлардың жұмысын талдапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстанда қайырымдылық тақырыбы, әдетте, жағымсыз оқиғалар аясында көбірек талқыланады. Бұл - табиғи апаттар немесе төтенше жағдайлар. Қазақстанда мұндай жағдайлар жеткілікті - өрттер, су тасқындары, жер сілкіністері немесе әлеуметтік құбылыстар. Бірақ қиындық кезіндегі бір реттік қайырымдылықтан бөлек, жүйелі түрде корпоративтік және қоғамдық қайырымдылықпен айналысатын санаттағы бизнесмен, филантроптар да жеткілікті.
Порталдың мәліметіне сүйенсек, қазақстандық қайырымдылық тек дағдарысқа жауап берумен шектелмейді. Қазақстандағы көптеген қорлар түрлі салаларда жүйелі түрде жұмыс істеп, маңызды бастамаларды қолдайды. Жас ғалымдарға демеу жасап, ғылыми зерттеулерді қаржыландырады және мәдени мұраны сақтауға үлес қосады.
Ең танымал қоғамдық қорлардың бірі - 2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған "Қазақстан халқына" қоры. Үш жыл ішінде бұл қор 250 млрд теңгеден астам қаржы жинап, оны табиғи апаттан зардап шеккендерге үйлер салу, білім гранттарын бөлу сияқты әлеуметтік қажеттіліктерге бағыттады.
Сондай-ақ "АНА ҮЙІ" қоғамдық қоры ерекше назарға лайық. Әлеуметтік жетімдікті жоюды көздеген бұл жоба аясында 7 мыңнан астам ана уақытылы көмек алып, олардың балалары интернаттар мен балалар үйлеріне тап болмады.
Қазақстандағы ең танымал меценаттардың бірі – Болат Өтемұратов. Оның қайырымдылық қоры бөлген қаражатқа Есікте мектеп пен Қосшыда қоғамдық-мәдени орталық салынды, білім беру бағдарламалары қаржыландырылды, мүгедектер қоғамына, шығармашылық бірлестіктерге қолдау көрсетілді. Жобаларға құйылған жалпы инвестиция көлемі 15,4 млрд теңгеден асады. Қордың басты жобасы - еліміздің барлық ірі қалаларында аутизммен ауыратын балаларға арналған "Асыл мұра" реабилитациялық орталықтар желісі. Орталық қызметкерлерінің арқасында 16 мыңнан астам күрделі психикалық ерекшеліктері бар балалар ерте қолдау мен қажетті әлеуметтік және оқу дағдыларын иеленді.
2024 жылы құрылған Вячеслав Кимнің Añsa Foundation қайырымдылық қоры да әлеуметтік жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Вячеслав Ким - 2024 жылдың көктеміндегі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіруге қаражат бөлген алғашқы отандық меценаттардың бірі. Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының инфрақұрылымы мен тұрғын үй қорын қалпына келтіруге 20 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар қор Ақмола облысындағы Қызылжар, Оразақ, Қарамеңді батыр және Ыбырай Алтынсарин елді мекендерінде ауыл балаларына арналған инклюзивті білім беру кабинеттерін жабдықтауға қолдау көрсетіп, Baquatty Audan бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама мектептерді ерекше балалармен жұмыс істеуге арналған арнайы жабдықтармен қамтамасыз етіп қана қоймай, педагог-ассистенттер, логопедтер, дефектологтар секілді мамандардың біліктілігін арттыруға да мүмкіндік берді.
Айта кететіні, Añsa Foundation құрылғанға дейін Вячеслав Ким Михаил Ломтадземен бірге қайырымдылық жобалармен айналысқан. Меценаттар көп жылдар бойы "Аутизмді жеңеміз!" жобасына қолдау көрсетіп келді, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы кезінде жедел жәрдем машиналарын, экспресс-тестерді, ӨЖЖ аппараттарын сатып алуға қаржы бөлді. Вячеслав Ким "Сәби" қайырымдылық қорымен бірлесіп, Қазақстанның жас кәсіпкерлерін қолдады.
Меценат және "Дара" қорының негізін қалаушы Гүлнар Досаева Қазақстанда инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру бойынша үлкен жобаны жүзеге асырды. Бұл бастама аясында 48 психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті мен 68 инклюзивті білім беру ресурстық орталығы ашылып, ерекше мұқтаждықтары бар балалар үшін сапалы білім алудың мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырды.
Қазақстанда қайырымдылықпен айналысатын ірі меценаттар тізімінде Кеңес Рақышев, Әсел Тасмағамбетова, Тимур Құлыбаев, Шұхрат Ибрагимов, Серікжан Сейітжанов, Нұрлан Смағұлов секілді белгілі адамдар бар.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!