Көлік министрлігі Қазақстандағы ең үлкен және ең кіші әуежайларды атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengri Travel-ге сілтеме жасап.
Еліміздегі ең үлкен әуежай Алматыда орналасқан.
"Бұл елдегі ең үлкен, ұзындығы 4400 метр, 4500 метр және ені 45 метр болатын, екі ұшу-қону жолағы бар әуежай. Ол әуе кемелерінің кең ауқымына және көп жолаушылар ағынына қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша әуежай 9,5 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсетті. Әуежай дамыған инфрақұрылымымен ерекшеленеді және Қазақстан үшін ғана емес, Орталық Азияның барлық өңірі үшін маңызды көлік торабы болып табылады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл жерде жолаушылар ағыны, ұшу-қону жолақтарының мөлшері мен саны және басқа да критерийлер ескерілген.
Бұған дейін Азаматтық авиация комитеті 1 маусымда Алматы әуежайында жалпы ауданы 53,5 мың шаршы метр болатын жаңа жолаушылар терминалы іске қосылғанын хабарлады, ол жылына 7 миллионға жуық жолаушыны қабылдай алады.
"Қолданыстағы терминалды қайта жаңартуды ескерсек, Алматы әуежайының жиынтық өткізу қабілеті жылына 14 миллион жолаушыға дейін ұлғаяды", - деп хабарлады Азаматтық авиация комитеті.
Ведомствоның мәліметінше, ең кішкентай әуежай Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында орналасқан.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл әуе айлағындағы ұшу-қону жолағының көлемі (асфальтбетон жабыны бар, ұзындығы 1502 метр және ені 35 метр) бойынша Қазақстандағы әуежайлардың ең кішкентайларының бірі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша әуежайда 13 514 жолаушыға қызмет көрсетілген.
Бұл әуежай Өскемен-Зайсан бағыты бойынша тұрақты субсидияланатын рейстерді қабылдайды.
Көлік министрлігі оның 1979 жылы салынғанын және 1980 жылы пайдалануға берілгенін еске салды. Жолаушылар терминалы ғимаратының өткізу қабілеті сағатына 50 адамды құрайды, жалпы ауданы 120 шаршы метр. Әуежайдың штат саны - 12 қызметкер.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда екі жаңа әуежай салынатынын жазған болатынбыз.
Көлік министрі Марат Қарабаев еліміздің шығысында жаңа әуежайлар орналасатын алаңдармен танысты.
"Мемлекет басшысы Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында сапалы жол инфрақұрылымы бар аэровокзал кешендері мен әуежайларды салуды тапсырды. Қойылған міндеттерді уақытылы орындау үшін ел өңірлеріне жұмыс сапарымен шығып, нысандар салынатын учаскелермен танысудамыз. Алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстарды пысықтадық. Үш әуежайдың да құрылысы келесі 2025 жылы басталады", - деп атап өтті министр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!