Археологтар Қазақстандағы ең көне қорымды тапты. Зерттеушілер Абай облысында, Семей қаласынан оңтүстікке қарай 80 шақырым жерде орналасқан Көкен ескерткішін қазу кезінде екі адамның сүйегін тапқан. Бұл туралы Қазақстан археологиясы журналында жарияланған мақалада айтылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі N+1-ге сілтеме жасап.
Адамдардың сүйектеріне талдау жасау нәтижесінде бұл қорымдар біздің дәуірімізге дейінгі 5471-5222 жылдарға, яғни ерте неолит дәуіріне жататыны анықталған.
Ал Көкен ескерткішіне тән алғашқы жәдігерлер мезолит дәуіріне жатады (б.з. д. VIII мыңжылдық). Алайда ескерткіш қола дәуіріндегі қоныс әрі қорым ретінде танымал.
2020 және 2022 жылдары жүргізілген қазба жұмыстары кезінде табылған бас сүйектің бір бөлігі жасөспірімге, ал адам қаңқасы жігітке тән екені анықталған.
Археологтар қабірден де, оның маңынан да ерте неолит дәуіріне жататын артефактілерді таппады. Зерттеушілер адам сүйектері генетикалық талдауға жіберілгенін, бұл болашақта олардың шығу тегін анықтауға ықпал ететінін мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!