- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстандағы ең жауапсыз...
Қазақстандағы ең жауапсыз көлік жүргізушілері белгілі болды
Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) 2023 жылғы көлік салығын төлеу мерзімі биыл 1 сәуірде аяқталатынын ескертеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Салықты есептеу кезінде 2023 жылы қолданыста болған 3 450 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пайдаланылады. Көлікке салынатын салық сомасын kgd.gov.kz порталында және e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында калькулятордың көмегімен есептеуге болады", - деп жазылған хабарламада.
Жыл сайын салық органдары тиісті жылға жеке тұлғалардың көлік салығын есептейді. Салықтың есептелген сомалары бойынша ақпарат 2024 жылғы 15 наурыздан кейін Kaspi bank және Halyk bank
мобильді қосымшаларын пайдаланушыларға PUSH-хабарлама түрінде жіберіледі. Cондай-ақ салық сомасы туралы ақпарат kgd.gov.kz порталында "Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер" сервисінде әрі e–Salyq Azamat және Kaspi bank пен Halyk bank мобильді қосымшаларында жарияланады.
Мобильді қосымшалардың барлық пайдаланушысы көлік салығының 2023 жылға есептелген сомасын көріп, тиісті төлемді онлайн жасай алады. 2024 жылғы 2 сәуірден бастап МКК көлік салығын уақытында төлемеген жүргізушілерге салық берешегі туралы хабарлама жолдайды.
1 АЕК-тен (3450 теңге) аса берешек сомасы бойынша хабарлама тапсырылғаннан кейін 30 жұмыс күнінен кейін жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығы автоматты түрде қалыптастырылады және борышкерге жіберіледі. Берешек тапсырылғаннан кейін 5 жұмыс күнінен кейін төленбеген жағдайда, салық бұйрығы жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алуға беріледі.
Қазақстандықтардың көлік салығы бойынша берешегі – 14,9 млрд теңге
Биыл 28 ақпандағы мәлімет бойынша 539 241 жеке тұлғаның мүлік пен көлік салығы бойынша қарызы – 16,3 млрд теңге. Оның ішінде берешектің негізгі сомасы көлік салығы – 14,9 млрд теңге.
Көлік салығын төлеуден жалтарған көлік иелерінің ең көп саны төмендегі өңірлерде тіркелген:
Алматы қаласы – 26 мың борышкер, берешек – 3,5 млрд теңге;
Алматы облысы – 24 мың борышкер, берешек – 2,2 млрд теңге;
Астана қаласы – 20 мың борышкер, берешек – 1,6 млрд теңге.
"Заңға сәйкес сот орындаушылары банктік шоттар мен мүлікті бұғаттауға құқылы. Сондай-ақ, берешек сомасы 40 АЕК-тен асқан кезде ел аумағынан шығуға тыйым салынуы мүмкін", - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ жеке сот орындаушылары берешектен бөлек қарыз сомасының 25 пайызына дейінгі мөлшерде қосымша ақы өндіріп алуға құқығы бар.
Мемлекеттік кірістер комитеті қажетсіз шығын мен проблеманы болдырмау үшін салықты уақытылы төлеуге, ал салық берешегі болған жағдайда жеке сот орындаушыларына өндіріп алуға салық бұйрығы берілген сәтке дейін (мамырдың үшінші онкүндігіне дейін) салық пен өсімпұлды төлеуге кеңес береді.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы