Қазақстандағы ең бай кәсіпкер әйел Айдан Сүлейменова Ресей төлқұжатынан бас тартты

Қазақстандағы ең бай рантье-әйел Айдан Сүлейменова Ресей төлқұжатынан бас тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

11 шілдеде Ресей президенті Владимир Путин "Ресей азаматтығына қабылдау және Ресей азаматтығынан шығу туралы" жарлыққа қол қойды. Құжат бойынша Айдан Сүлейменова ресейлік төлқұжатынан бас тарту туралы өтініш берген.

Айта кетейік, рантье - бұл құнды қағаздар мен жеке капитал кірісінен пайда көретін тұлға. Өзгеге қарыз беріп, соның пайызы арқылы қаражатын еселейтін адам. 

Айдан Сүлейменова - Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтің қызы және қазақстандық кәсіпкер Данияр Әбілғазиннің әйелі.

Forbes мәліметінше, Сүлейменова - ADD Invest Properties компаниясының иесі, ол арқылы жұбайы Құлыбаевтармен бірге Астанадағы Keruen City сауда орталығы мен Talan Gallery сауда орталығына иелік етеді, сондай-ақ, Keruen сауда орталығындағы үлесі бар. Серіктестік қоржынында Ақтөбедегі Keruen City сауда орталығының 50 пайызы да бар. Айдан Сүлейменова "Аяла" қайырымдылық қорын да басқарады.

2023 жылдың соңында Сүлейменова 4,3 миллиард теңге табыспен ең табысты жалға берушілер рейтингінде сегізінші орынды иеленді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз