Қазақстандағы дала өртіне қатысты ТЖМ түсініктеме берді

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық паркінің аумағындағы өрт толық локализацияланғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Үкімет отырысында министр күштер мен құралдарды үйлестіру үшін министрліктің жедел штабы құрылғанын, сондай-ақ Павлодар облысының Желтау ауылында далалық жедел штаб жұмыс істеп жатқанын айтты.

"6 қазан күні Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында шөп өрті шығып, Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық паркінің шекаралық аумағына тарады. Өртті сөндіру жұмыстарын вице-министр қадағалауда. Министрліктің күштері мен құралдары дереу жіберіліп, Абай, Ақмола облыстарынан және Астана қаласынан қосымша топтар жіберілді. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық гвардияның әуе көліктері де жұмылдырылды", – деді Шыңғыс Әрінов.

Сонымен қатар ТЖМ басшысы Павлодар облысы жағынан өрт локализацияланғанын атап өтті.

"Павлодар облысы тарапынан Желтау ауылының 18 тұрғыны көрші ауылдың эвакуациялық пунктіне эвакуацияланды. Қазір Павлодар облысында дала өрті толық оқшауланды. Бүгінде күштер жағдайды бақылап отыр. Бүгін Қарағанды облысында да сондай нәтижеге жетеміз деген ойдамыз. Барлық күш тартылды, қажет іс-шаралар қабылданып жатыр. Бүгін түнде Ресейден Қостанай облысы Жетіқара ауданына дала өрті тарады. 500 гектар жер өртенген. Дер кезінде қабылданған шешімдердің нәтижесінде оның бәрін жойдық. Қазір жағдай тұрақты", – деп атап өтті министр.

Айта кетейік, өрт 2024 жылдың 6 қазанында Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында басталып, Павлодар облысындағы Баянауыл ұлттық паркінің аумағына дейін тарады. Екі облыстағы ірі өрттің қамтыған аумағы – 45 мың гектар.  Өртті сөндіру кезінде 3 өртсөндіруші мен 1 ауыл тұрғынын күйік шалып, зардап шеккендер Қарағандыға тікұшақпен жеткізілді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!