Қазақстандағы білім басқармаларының жұмысы бір ай бойы тексеріледі

Қазақстандағы білім басқармаларының жұмысы бір ай бойы тексеріледі

Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдардың білім саласындағы қызметін үйлестіру мен әдістемелік басшылықты жүзеге асыру мақсатында биылғы 5 маусым мен 5 шілде аралығында білім басқармаларының қызметіне кешенді мониторинг жүргізеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуеновтің сөзінше, бұл тек білім басқармаларының жұмысына қатысты, ал балабақшаларға, мектептерге, колледждерге және басқа да білім беру ұйымдарына бару көзделмейді.

"Зерделеудің негізгі мақсаты - білім беру жүйесінің дамуын тежеуші факторларды және үздік өңірлік тәжірибені анықтау. Сондай-ақ зерделеу барысында министрліктің комитеттері мен департаменттерінің мамандары және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері әдістемелік көмек көрсетеді", - деп жазды ол Facebook-те.

Зерделеу жүргізу үшін өңірлік басқармалар қызметінің барлық бағытын қамтитын арнайы өлшемшарттар әзірленді.

Іс-шараның қорытындысы бойынша өңірлердің білім беру жүйесін жетілдіру және олардың қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсынымдар беріледі.

"Білім басқармаларын зерделеуге мұғалімдер немесе білім беру ұйымдарының басшылары тартылмауға тиіс екенін тағы да еске салғым келеді. Білім беру ұйымдары үшін жазғы демалыс уақыты басталды, мұғалімдер бекітілген кестеге сәйкес кезекті демалысқа шығады. Қорытынды емтихандардан кейін де педагогтардың заңды еңбек демалысына шығуына ешбір кедергі болмауы керек", - делінген жазбада.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан