Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий жұмысын бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қала әкімдігі мәліметінше, жаңа нысан Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты "Қалалық патологоанатомиялық бюро" ШЖҚ КМК теңгеріміне берілген.
"Кешен Чехияда жасалған заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұнда көпсатылы сүзгі жүйесі бар екі пеш орнатылған. Екі камералы технология зиян шығарындыларды азайтады, иіс пен көзге көрінетін түтін таралуына жол бермейді", - деп жазылған хабарламада.
Бір кремация рәсімі шамамен екі сағатқа созылады. Қажет температураға дейін қыздыру 35 сағатқа дейін уақыт алады, ал толық жүктеме кезінде әр пеш тәулігіне 8 кремацияға дейін орындай алады.
"Крематорийде кремациядан бөлек, күл салынған құтыны беріп, қоштасу рәсімін өткізуге арналған залдар қарастырылған. Сондай-ақ, туыстары арнайы бөлмеден рәсім барысын бақылай алады. Мекеме қызметкерлері шетелде арнайы оқыған. Мәйіттермен жұмыс істеу барысында санитария талаптары, кәсіби этика қатаң сақталады", - деп жазылған хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!