ІІМ тергеу департаменті трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу дерегі бойынша көп эпизодты қылмыстық істі тергеуді аяқтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2023 жылы тамызда ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі бөліністері бес ірі қалада, яғни Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбеде Қазақстан мен жақын шетелдердің азаматтарын ұстады.
Олар модельдік агенттіктің атын жамылып, Web-Cam арқылы интим сипаттағы материалдарды дайындаумен және таратумен айналысқан.
Қылмыстық бизнеске 18 жастан 25 жасқа дейінгі қазақстандық қыздар тартылған. Қылмыстық топтың ақша айналымы үш миллиард теңгеден асқаны анықталды. Қылмыстық іс бойынша 21 адам күдікті деп танылған. Олардың мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
"Былтыр желтоқсанда осыған ұқсас қылмыстық сызбаның жолы кесілді. Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының үйлестіруімен аумақтық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің жедел уәкілдері бір мезгілде еліміздің 11 өңірінде осы қылмысқа қатысы бар 50-ден аса адамды құрықтап, жеткізді. Соталды тергеп-тексеру ҰҚТ құру және оған қатысу деректері бойынша жүргізіліп жатыр", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!