Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Қазақстандағы IT-мамандарының орташа жалақысын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаслан Мәдиев Сенаттың жалпы отырысында 2023 жылы Қазақстанның IT-индустриясы қарқынды өсіп, жұмыспен қамту үшін ең тартымды салалардың біріне айналғанын айтты. IT-компаниялардың саны 17 922-ге жетті, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 11 пайызға артық.
Министрдің айтуынша, бұл салаға қызығушылық артып, белсенді дамып келе жатыр.
"2023 жылы IT-мамандарының орташа айлық жалақысы 588 мың теңге болды, бір жыл бұрынғыдан 35 пайызға артық, бұл - білікті кадрларға және бәсекеге қабілетті еңбек жағдайларына деген жоғары сұраныс көрінісі", - деді Жаслан Мәдиев.
Ақпараттық технологиялар саласындағы жұмыспен қамту да 12 пайызға өсіп, 187 мың адамға жетті. Министр қызметкерлер санының артуы саланың кеңейіп, жаңа жұмыс орындарының ашылғанын көрсетеді деді.
Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстандағы ең жоғары жалақы алатын салаларды атаған болатын.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз