- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қазақстанда зейнетақыға Түркия...
"Қазақстанда зейнетақыға Түркия мен Араб Әмірліктеріне барып келуге болады"
Белгілі қаржыгер, Ұлттық банктің бұрынғы басшысы Григорий Марченко зейнеткерлер зейнетақыға Түркия мен Араб Әмірліктеріне барып келе алатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Григорий Марченко БЖЗҚ ЕНПФ YouTube-арнасына берген сұхбатында қандай жағдайда зейнетақыға шетелге барып келуге болатынын түсіндірді.
"Егер адам 25 жыл бойы жоғары жалақы алып отырған болса, онда ол жинақталған зейнетақыдан 300-350 мың, тіпті 400 мың теңгеге дейін ала алады. Ал ортақ жүйенің 100 мың теңгесімен қоса алатын болса, бұл ақшаға жылына бір рет Түркия мен Араб Әмірліктеріне баруы әбден мүмкін.
25 жыл уақыт әрине, зейнетақы жүйесінің тиімділігін бағалау үшін әлі де жеткіліксіз. Яғни Дүниежүзілік банктің экономикалық даму ынтымақтастығы ұйымының барлық ұсыныстарына сәйкес, зейнетақы жүйесінің жұмысына баға беру уақыты - 40 жыл. Сондықтан 15 жылдан кейін тағы есептеп көруіміз керек. Сол кезде белгілі болады", - дейді ол.
Еске салайық, соңғы деректер бойынша, Қазақстанда орташа зейнетақы мөлшері 120 923 теңгеге жеткен. 1 тамыздағы жағдай бойынша зейнеткерлер саны - 2 миллион 301 мың адам. Жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 923 теңге болды, оның ішінде ынтымақты зейнетақы мөлшері - 83 092 теңге, базалық зейнетақы - 37 831теңге.
Таяуда Қаржы министрлігі "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет" туралы заң жобасын әзірледі. Құжатта 2024 жылы орташа жалақы мен зейнетақы қанша болатыны көрсетілген. Бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланған.
Жобаға сәйкес, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап:
- ең төменгі жалақы мөлшері - 70 000 теңге;
- мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері - 28 215 теңге;
- зейнетақының ең төменгі мөлшері - 57 853 теңге;
- базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы - 43 407 теңге болмақ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина