Алматыда Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті. Жиында болашақ зейнетақы төлемдерінің жеткілікті болуы және зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді қаржылай тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесуге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрағасы Жанат Құрманов, қаржы саласының сарапшылары Болат Жәмішев пен Елена Бахмутова қатысты. Олар қазақстандықтардың зейнетақы алу құқығын нығайту, зейнетақы жүйесіне көбірек адамды қамту және еңбек еткен жылдары молырақ зейнетақы жинағын қалыптастыруға жағдай жасау жолдарын қарастырды.
"Талқылау барысында азаматтардың болашақ зейнетақысын оның барлық құрамдас бөлігін, яғни мемлекеттік төлем мен еңбек еткен кезеңде жиналған қаражатты ескере отырып қалыптастыруға баса назар аударылды. Атап айтқанда, жұмыскер мен жұмыс берушінің тұрақты жарналары есебінен зейнетақы жинағын көбейтуге және халықты зейнетақы жүйесіне кеңінен қамтуға мүмкіндік беретін тетіктер қарастырылып жатыр", - деп хабарлады Еңбек министрлігі.
Жұмыс кездесуі Мемлекет басшысының зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығын нығайту, ұзақ мерзімді теңгерімін сақтау және лайықты зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында өтті. Бұл мәселелерді жан-жақты пысықтау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің төрағалығымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі
Еңбек министрлігі зейнетақы жүйесін жетілдіру жұмысын БЖЗҚ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп жүргізуді жоспарлап отыр.
Тағы оқыңыз: Зейнетақы өтілі жаңаша: Қазақстанда не өзгереді?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz