Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері артады

2025 жылы Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы индекстеледі. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

2025 жылдың басынан бастап балалы отбасыларға төленетін барлық жәрдемақы мөлшері 6,5 пайызға индекстеледі.

"Биыл қаңтардан бастап барлық зейнетақы мен жәрдемақы жыл сайын инфляция деңгейін ескере отырып индекстеледі. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 8,5 пайызға, әлеуметтік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы 6,5 пайызға индекстеледі", - деді Байбазаров. 

2025 жылға арналған республикалық бюджетте 42 түрлі әлеуметтік төлемдер бойынша 6 триллион теңгеден аса қаражат қарастырылған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға көп.

Республикалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 миллионға жуық қазақстандық отбасы жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алады.

"2025 жылдың басынан бастап балалы отбасыларға төленетін барлық мемлекеттік жәрдемақы мөлшері 6,5 пайызға индекстеледі. Балалы отбасыларға арналған жәрдемақыларды төлеуге 2025 жылға арналған республикалық бюджетте 875,1 млрд теңге қарастырылған. Аз қамтылған азаматтарды әлеуметтік қолдау атаулы әлеуметтік көмек көрсету арқылы жалғасады. 2023 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 76 мың отбасы немесе 403 мың адам АӘК алды", - деді Нұрлан Байбазаров.

Бұдан бөлек, Үкіметтің мәліметінше, 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда стипендия көлемі бакалавриат бойынша 20 пайызға, магистранттар мен докторанттарға 15 пайызға өсті.

Ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 18 пайызға артты, 2025 жылдан бастап 17 пайызға көбейеді.

Айта кетейік, индекстеу дегеніміз - зейнетақы, жәрдемақы көлемін инфляция деңгейіне сәйкес арттыру.

Еске салайық, бұған дейін 2025 жылы Қазақстанда қандай төлемдер мен жәрдемақылар өсетіні хабарланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!