Қазақстанда зейнетақы қалай, қашан өседі?

Қазақстанда зейнетақы қалай, қашан өседі?
Фото: Тұрар Қазанғапов

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілі Қазақстанда зейнетақы төлемдері қалай, қашан өсетінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар ұсынылған. Әлеуметтік кодекс жобасы шеңберінде базалық зейнетақы мөлшерін арттыру және ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табысты ұлғайту көзделеді. Бұл осыған дейін қабылданған шешімдерге қоса, 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.

Қазақстанда базалық және ортақ зейнетақыны, сондай-ақ, БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемін (жұмыскердің зейнетақы жинақтары есебінен өтеледі) қамтитын көп деңгейлі зейнетақы жүйесі қалыптасты.

Ынтымақты зейнетақы жүйесі біртіндеп қысқарып жатыр, өйткені оны тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі, яғни жинақтаушы жүйе енгізілгенге дейін әзірленген еңбек өтілі ескеріледі.

Еңбек министрлігі деректері бойынша, зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтарды зейнетақы мөлшерімен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік кодекс жобасы шеңберінде бірқатар өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.

"Бірінші. 2023 жылдан бастап 2027 жылға дейінгі кезеңде ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен ең төменгі күнкөріс деңгейі шамасынан, 54-тен 70 пайызға дейін, ең жоғары зейнетақыны 100-ден 120 пайызға дейін жеткізу көзделеді.

Осы кезеңде базалық зейнетақы мөлшері орта есеппен 51 пайызға дейін өседі. Базалық зейнетақының орташа мөлшерінің жыл сайынғы өсуі шамамен 13 пайыз болады және бұл 2 миллион зейнеткерге қатысты.

Екінші. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетке шығатын азаматтар үшін ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін пайдаланылатын ең жоғары табыс көлемін 46-дан 55 айлық есептік көрсеткішке дейін арттыру көзделген", - деді министрлік өкілі.

Ұсынылып отырған шаралар 2025 жылға қарай жиынтық зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға (үш жыл ішінде - 109-дан 138 мың теңгеге дейін) арттыруға және жиынтық зейнетақыдағы мемлекеттік төлемнің үлес салмағын арттыруға мүмкіндік береді.

"Осылайша, мемлекет зейнеткерлер арасында кедейліктің өсуіне жол бермеу бойынша міндеттемелер қабылдайды", - деп қорытындылады ведомство өкілі.

Еске салайық, бұған дейін Президент әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін өспейтінін мәлімдегені хабарланған болатын. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова