Қазақстанда зейнетақы жинағын алуға тағы бір тыйым салынды

enpf-otbasy.kz платформасында стоматология, офтальмологияға БЖЗҚ қаражатын пайдалану үшін өтініш қабылдау тоқтатылғаннан кейін азаматтар реконструктив және қалпына келтіру (пластикалық) операцияларын таңдай бастаған. Бұл туралы "Отбасы банк" АҚ мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өтініш саны күрт артқан

Мәліметке сүйенсек, әсіресе, операциядан кейінгі тыртықты түзету және туа біткен ақауды коррекциялау үшін сұраныс артқан.

"Бұрын банкке пластикалық оталарға БЖЗҚ қаражатын пайдалану туралы азаматтардан орта есеппен 16 өтініш түсетін. Алайда қыркүйекте стоматология бойынша өтініш қабылдау тоқтаған кезде олардың саны 123-ке дейін өсті, қазанда 1 844-ке, ал қарашада 3 878 өтінішке жетті", - деп жазылған хабарламада.

Желтоқсанның алғашқы 8 күнінде, офтальмологияға өтініш қабылдау тоқтағаннан кейін пластикалық оталарға БЖЗҚ қаражатын пайдалану бойынша 2 093 өтініш түскен. Бұл бұрынғы айлық орташа көрсеткіштен 130 есе көп. Желтоқсандағы өтініштердің жалпы сомасы 1,8 млрд теңгеге жеткен.

Енді не өзгереді?

12 желтоқсаннан бастап enpf-otbasy.kz порталында БЖЗҚ қаражатын "Операциядан кейінгі тыртықтарды және туа біткен ақауларды түзетуге арналған реконструктив және қалпына келтіру (пластикалық) операциялары" мақсаты бойынша пайдалану үшін өтініш қабылдау тоқтатылады.

Қазір пластикалық операцияларға БЖЗҚ қаражатын пайдалану бойынша 6 294 өтініш қаралып жатыр.

"Бұл өтініштің барлығы қолданыстағы тәртіпке сәйкес өңделеді", - деп жазылған хабарламада.

Енді қайда қолдануға болады?

Бірқатар бағыт тоқтатылғанына қарамастан, азаматтар БЖЗҚ-дағы артық қаражатты маңызды және қымбат ем түрлеріне пайдалана алады: сирек (орфан) ауруларды емдеу; радионуклид және радиойод терапиясы; радиохирургиялық емдеу; протон терапия.

Бұдан бөлек, тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады: тұрғын үй сатып алу, ипотеканы толық немесе жартылай өтеу, сондай-ақ, Отбасы банктегі депозитті толықтырып, кейін баспана алу мүмкіндігі бар.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз