Enpf-otbasy.kz платформасы арқылы офтальмологиялық қызметтерге өтініш қабылдау тоқтатылады. Бұл туралы "Отбасы банк" АҚ мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Біржолғы зейнетақы төлемі есебінен офтальмологиялық қызметті төлеуге арналған өтінішті enpf-otbasy.kz платформасы 4 желтоқсаннан бастап қабылдамайды. Осы күнге дейін жіберілген барлық өтініш белгіленген тәртіппен қаралады.
"Денсаулық сақтау министрлігі БЖЗҚ-ны емделуге пайдалану ережелеріне енгізген өзгерістерге байланысты өтініш қабылдау тоқтатылып отыр. 3 желтоқсанда тиісті бұйрық жарияланды. Жаңа ережелерге сәйкес зейнетақы қаражатын стоматологияға да, офтальмологияға да пайдалануға рұқсат берілмейді", - деп жазылған хабарламада.
Қазір банкте офтальмология бағыты бойынша жалпы сомасы 13,3 млрд теңге болатын 15 808 өтініш бар. Соның ішінде 5131 өтініш (4,6 млрд теңге) бойынша банк мамандары құжаттарды тексеріп жатыр; 10 677 өтініш (8,7 млрд теңге) бойынша клиенттерден қосымша құжат сұралып жатыр.
"Стоматология бойынша өтініш тоқтатылғаннан кейін офтальмологияға сұраныс күрт артты. 15 қыркүйекке дейін айына орташа 174 өтініш мақұлданса, шектеулер енгізілгеннен кейін бұл көрсеткіш 7 есеге, яғни 1 264 өтінішке дейін өсті", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, банк мәліметінше, бірқатар күмәнді жағдай анықталған.
"Әртүрлі клиент бір офтальмологиялық клиникамен келісімшарт жасаса да, құжаттарда клиника әр қалада орналасқан түрлі мекенжаймен көрсетілген. Тексеріс барысында бұл мекенжайларда мұндай клиника жоқ екені белгілі болды", - деп жазылған хабарламада.
Бірқатар бағыт тоқтатылғанына қарамастан, азаматтар БЖЗҚ-дағы артық қаражатты маңызды және қымбат ем түрлеріне пайдалана алады: орфандық (сирек) ауруларды емдеу; реконструктив және қалпына келтіру операциялары; радионуклид және радио-йод терапия; радиохирургиялық ем; протон терапия.
Еске салайық, бұған дейін де тіс емдеуге зейнетақы жинағын алуға тыйым салынғаннан кейін азаматтар жаппай офтальмология қызметіне жүгіне бастағаны хабарланды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!