Қазақстанда вице-президенттің қызметі қандай болады?

Қазақстанда вице-президенттің қызметі қандай болады?
Фото: Конституциялық сот

Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы жалғасып жатыр. Ержан Жиенбаев Вице-президенттің өкілеттігіне қатысты конституциялық өзгерістерге тоқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Вице-Президентті жалпы депутаттар санының көпшілік дауысымен білдірілген Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды.
 
Вице-Президентті қызметінен Президент босататын болады.

Вице-Президент:

  • Президенттің тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастардағы мүдделерін білдіреді;
  • Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Президенттің атынан өкілдік етеді.

Сонымен қатар, Вице-Президент Қазақстан Республикасы Президенті атынан Қазақстан Республикасының және шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен қарым-қатынас орнатады.

Вице-Президенттің өзге де өкілеттері Президентпен айқындалады. Вице-Президент институтының енгізілуіне байланысты Конституциядан Мемлекеттік кеңесші туралы нормалар алынып тасталады.

"Конституция деңгейінде Вице-Президентке қойылатын талаптарды көздеу қажет. Вице-Президент өкілді органның депутаты болмауға, өзге де ақылы лауазымдарды атқармауға және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырмауға тиіс. Өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде Вице-Президент саяси партияның мүшесі болмауға тиіс", - деді ол. 

Мұндай тәртіп саяси бәсекелестікті арттыруға және барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымға сәйкес келеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget