Қазақстанда вице-президент қашан тағайындалады? Әшімбаев жауап берді

Қазақстанда вице-президент қашан тағайындалады? Әшімбаев жауап берді
Фото: parlam.kz

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Қазақстанда вице-президент қашан тағайындалатыны туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Қазақстанда вице-президентті тағайындау мәселесі жаңа Парламент, яғни Құрылтай жасақталғаннан кейін шешіледі. Жаңа Конституцияға сәйкес вице-президентті Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды.

"Бұл сұрақтың бәрі Мемлекет басшысының құзырында. Мұның бәрі жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституциямен реттеледі. Жаңа Құрылтай сайланғаннан кейін Президент тиісті шешім қабылдайды. Бұл мәселелер Конституциямызда жазылған", - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, вице-президент институты жаңа Конституцияда бекітілген. Қаңтарда Ұлттық құрылтайдың V отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президентті Президенттің өзі тағайындайтынын мәлімдеді.

Жаңа Конституция 2026 жылы 1 шілдеде күшіне енеді, ал Құрылтай сайлауы тамызда өтеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget