Қазақстанда вейпті жасырын сатқан топтар әшкереленіп жатыр

Қазақстанда вейпті жасырын сатқан топтар әшкереленіп жатыр
Фото: ҚМА

Қазақстанда электрон тұтыну жүйелерінің айналымына тыйым салынғанына қарамастан, оларды елге заңсыз әкеліп, сатып, миллиондаған заңсыз табыс табу схемасы тоқтамай тұр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ведомство мәліметінше, ең алаңдатарлығы - тыйым салынған өнімнің негізгі тұтынушылары жастар мен кәмелетке толмағандар болуы.

Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз сауданың 25 дерегін тоқтатқан. Қазір 37 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Заңсыз айналымнан 276 мыңнан аса электрон тұтыну жүйесі тәркіленген.

18 адамға қатысты 14 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Астанада департамент заңсыз вейп айналымын ұйымдастырған қылмыстық топтың әрекетін тергеп жатыр. Өнімдерді сақтау үшін жалға алынған қоймалар мен кеңселер пайдаланылған. Сауда интернет дүкендер, сондай-ақ, Telegram, WhatsApp және Zangi мессенджерлері арқылы жүргізілген.

"Ізді жасыру үшін жеке кәсіпкердің банк шоттары қолданылған. Ал сатып алушыларға "тұрмыстық техника сатып алдық" деп айту ұсынылған. Бұл шоттар арқылы өткен ақша көлемі 3,2 млрд теңгеден асқан", - деп жазылған хабарламада.

Қарағанды облысында Telegram-да вейп сататын интернет дүкен ұйымдастырған адамдар 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына сотталды. Олар төрт қойманы, интернет дүкен операторларын және курьерлерді пайдаланып, заңсыз схема құрған. Тінту кезінде құны 340 млн теңге болатын шамамен 30 мың электрон тұтыну жүйесі тәркіленді.

Ұлытау облысында вейпті дропперлер арқылы заңсыз сатқан екі жергілікті тұрғынға айыптау үкімі шықты. Ақшаны алу және аудару үшін олар курьердің атына рәсімделген банк шотын пайдаланған. Сот әрқайсына төрт жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, қылмыстық жолмен түскен табысты тәркілеу туралы шешім шығарды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget