- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қазақстанда вейп сатқандар...
Қазақстанда вейп сатқандар жауапқа тартылмақ
Қазақстанда вейптерді әкелуге және таратуға тыйым салынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова заң жобасының 13 заңнамалық актісіне, оның ішінде 4 кодекске және 9 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделгенін атап өтті.
Мәжіліс тиісті заң жобасын мақұлдап, оны Сенатқа жолдады.
Денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзетулер тұжырымдамасынан тыс темекі өнімдерін тұтынуды шектеу нормалары да қарастырылған. Вейптерді әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады. Олардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі:
- сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу;
- әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
- қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде жасалған, бiрнеше рет жасалған әрекеттер үшiн – 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.
Сонымен қатар, медициналық қызметкерлерге емделушінің жеке ерекшеліктеріне қарай емдеудің оңтайлы әдістерін таңдау мүмкіндігін беру үшін медициналық көмек көрсету кезіндегі міндетті клиникалық хаттамаларды қолдану алынып тасталады.
Вейпинг артериялық қысымның артуына ықпал етеді және миокард пен инсульттің даму қаупін арттырады. Темекенің осы түрін қолдануға әлемнің 35 елінде қатаң тыйым салынған.
Электрон темекідегі никотин жас баланың миына 8 секундта әсер етіп, оның тамырын тарылтып, жүрегіне ауыртпалық түсіреді. Сондай-ақ елімізде ересек тұрғындардың 21 пайызы темекі тартады. 11-15 жастағы жасөспірімдердің вейптерді тұрақты түрде шегуі - 10 пайыз, энергетикалық, тәтті сусындарды ішуі -17,5 пайыз, артық дене салмағының таралуы - 15 пайыз.
Еске сала кетсек, бұған дейін депутат Дәулет Тұрлыханов кальянға мүлдем тыйым салу керегін айтқан еді.
Оқи отырыңыз: Сарғайып кеткен пластикті қалай ағартуға болады?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz