Қазақстанда үшінші атом электр станциясын (АЭС) салу үшін бірнеше өңірдің мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Таңдау орындары қатарында Шығыс Қазақстан, Каспий теңізінің жағалауы және елдің солтүстік аймақтары бар. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Агенттік басшысының айтуынша, Қазақстанда жалпы саны кемінде үш атом электр станциясын салу мәселесі күн тәртібінде тұр. Алғашқы екі станцияны Алматы облысының Жамбыл ауданында орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Геологиялық, гидрологиялық және басқа да зерттеулердің алдын ала қорытындысы бойынша, аталған аумақ АЭС құрылысына қолайлы деп бағаланған.
Ал үшінші станцияның нақты орны әзірге анықталған жоқ. Қазір бірнеше ықтимал аумақ зерттеліп жатыр. Олардың арасында Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы, Каспий теңізінің жағалауы және Солтүстік Қазақстандағы учаскелер бар.
Алмасадам Сәтқалиевтің сөзінше, солтүстік өңірдегі ықтимал орындардың бірі ретінде Тобыл өзені бойындағы аумақ та қарастырылуда екен. Бұл жерде атом станциясының жұмысын қамтамасыз етуге қажетті салқындатқыш су қоры бар.
«Біз Шығыс Қазақстандағы Курчатовты, Батыс Қазақстандағы Каспий теңізінің жағалауын зерттеп жатырмыз. Сонымен қатар KEGOC жүйелік операторының ұсынысы бойынша Солтүстік Қазақстандағы алаңды да қарастырамыз. Әңгіме Тобыл өзені бойындағы аумақ туралы да болып отыр. Онда салқындатуға қажетті су деңгейі жеткілікті», – деді агенттік төрағасы.
Үшінші АЭС-тің орналасатын жерін анықтау кезінде өңірлердегі электр энергиясына деген сұраныс, инфрақұрылымның мүмкіндігі және реакторлардың қуаты ескеріледі. Сондай-ақ орташа қуатты реакторларды пайдалану нұсқасы да қарастырылады. Мұндай станциялар электр энергиясын өндірумен қатар, жылумен қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді. Ал кейбір технологиялық шешімдер арқылы суды тұщытуға да пайдалануға болады.
Әзірге аталған аумақтардың ешқайсысы түпкілікті таңдалған жоқ. Барлық нұсқа алдағы зерттеулер мен атом энергетикасын дамыту жоспары аясында жан-жақты зерделенеді.
Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысы қай кезеңде?
Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі 2024 жылғы 6 қазанда өткен республикалық референдумнан кейін нақты шешім қабылдау кезеңіне өтті. Ресми мәлімет бойынша, дауыс беруге қатысқан азаматтардың 71,12 пайызы, яғни 5 561 937 адам АЭС салу бастамасын қолдаған.
2025 жылғы маусымда Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысын жүзеге асыратын халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде «Росатом» компаниясы таңдалды.
Сол жылдың тамыз айында Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында құрылыс алаңына қатысты инженерлік-іздестіру жұмыстары басталды. Мамандар аумақтың геологиялық және басқа да ерекшеліктерін анықтау үшін топырақ үлгілерін жинауға кірісті.
Кейін Қазақстанда салынатын алғашқы атом электр станциясына «Балқаш» атауы берілді. Құрылысын 2027 жылы бастау жоспарланған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!