Су ресурстары және ирригация министрлігі үш облыстағы су қоймаларында шағын СЭС салу жобаларын әзірлеп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазсушар" мекемесі Қарағанды облысындағы Самарқанд су қоймасында, Ақтөбе облысындағы Қарғалы су қоймасында және Абай облысындағы Қаракөл су қоймасында шағын су электр станцияларын (СЭС) салу бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеп жатыр.
Қазір үш жоба да мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр. Сондай-ақ, тағы бес нысан бойынша жобалау-сметалық құжат әзірлеу жоспарланып отыр. Оның ішінде үш жоба жеке инвесторларды тарту арқылы жүзеге асырылады.
"Жол картасын іске асыру нәтижесінде "Қазсушар" РМК-ның гидротехникалық нысандарында жыл сайын өндірілетін электр энергиясының жалпы көлемі 30 МВт-қа жетеді. Қазір кәсіпорын теңгерімінде үш шағын СЭС бар. Олар Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев гидроторабында, Қарағанды облысындағы Ынтымақ су қоймасында және Қорғас өзеніндегі Достық гидроторабында орналасқан", - деді су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз