Қазақстанда үш аграрлық университет бірігіп ғылыми орталыққа айналады

Қазақстанда үш аграрлық университет бірігіп ғылыми орталыққа айналады
Фото: tn.kz

Қазақстанда үш аграрлық университет бірігіп ғылыми орталыққа айналады. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің барысында хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Біздің елімізде үш аграрлық университет бар. Олар бірігіп, бірыңғай ғылыми-білім беру орталығына айналады. Бұл мәселе созылып кетті. Орталықтың мақсаты қолданбалы ғылымның, кадрларды дайындаудың, заманауи технологияны енгізудің проблемаларын шешу болады. Біз Қазақстанда таяудағы 5 жылда аграрлық саладағы өңірлік жетекші зерттеу және білім беру орталығын құру үшін халықаралық үздік серіктестерді тартуды ойлап отырмыз. Бұл бүкіл өңірге және посткеңестік кеңістікке тәжірибе болар еді. Үкімет бұл шешімдерді қабылдауы керек", - деді Назарбаев.

Қазақстан Президенті республикадағы аграрлық өндірістің дамуына үлес қосып отырған шетел компанияларына алғыс айтты. "Алматы облысында "Филипп Моррис" компаниясы" агробизнес орталығын жасап жатыр, онда фермерлер ауыл шаруашылығы мәдениетін жетілдірудің, жерді тамшы жолымен суарудың және тыңайтуды қолданудың жаңа технологиясын оқып жатыр. Осындай жобалар біздің мемлекетіміздің зор қолдауына ие болады", - деді мемлекет басшысы.

М. Бисембаева