Қазақстанда үлгерімі төмен және сабақтан жиі қалатын оқушылардың есебі жасалады

Қазақстанда үлгерімі төмен және сабақтан жиі қалатын оқушылардың есебі жасалады
Фото: Тұрар Қазанғапов/Tengrinews.kz

Оқу-ағарту министрлігі үлгерімі төмен және сабақтан жиі қалатын оқушыларға көмектесудің жаңа тәсілін ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, орта білім беру ұйымдарына арналған мектепішілік есепке алуды жүргізу бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірленіп, бекітілді. Ол ерекше назар аударуды және білім беру ұйымдарының көмегін қажет ететін балаларды қамтиды.

Мектепішілік есепке үлгерімі төмен, сабақтан жиі қалатын, мектеп Жарғысын және ішкі тәртіп ережелерін бұзатын оқушылар алынады.

Комитет төрағасының орынбасары Юлия Овечкинаның айтуынша, мектепішілік есеп ерекше педагогикалық назарды, кешенді қолдауды қажет ететін кәмелетке толмағандарды уақтылы анықтауға көмектеседі.

"Бүгінгі таңда барлық мектептер мектепішілік есеп жүргізуді бастады. Мектепішілік есепке алудың бірыңғай тәсілін қалыптастыру мақсатында біз тиісті әдістемелік ұсыныстар әзірледік. Енді мектепішілік есепте тұрған әрбір балаға қосымша сабақтар ұйымдастырып, баланың шығармашылық, спорттық әлеуетін ашуды, әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуді қамтитын жан-жақты көмек көрсетіледі. Оқушыларды есепке алу туралы шешімді білім беру ұйымының алдын алу кеңесі қабылдайды", - деді Юлия Овечкина.

Айта кетейік, мектепішілік есепке алу білім беру ұйымында ғана жүзеге асады. Оның басты мақсаты-балаға жеке әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, сонымен бірге құқық бұзушылықтың алдын алу.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан