Экология және табиғи ресурстар министрлігі уақыт белдеуінің өзгеруі туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпаратта бірнеше өңірде уақытты бір сағат алға жылдыту жоспарланғаны айтылған.
"Осыған байланысты Қазақстанның батыс өңірлері, атап айтқанда: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары 2023 жылғы 30 қарашадан 1 желтоқсанға қараған түні (00:00-де) елорда уақытына, бір сағатқа ауыстырылады", - делінген мәтінде.
Экология министрлігі қазір Қазақстанда уақытты есептеудің бірыңғай тәртібін белгілеу мәселесі зерттеліп жатқанын растады.
"Экология және табиғи ресурстар министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен және басқа да мүдделі ұйымдармен бірлесіп Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеудің бірыңғай тәртібін белгілеу мәселесін зерделеп жатыр.
Депутаттардың, орталық мемлекеттік органдардың, қоғам пен ғылыми ұйымдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды", - деді ведомство өкілдері.
Алайда Экология министрлігі өкілдері қазір бұл мәселе бойынша шешім қабылданбағанын айтты. Шешім мәселені егжей-тегжейлі зерделегеннен кейін, сондай-ақ, қоғамдық талқылаудан кейін қабылданады.
"Қазір Қазақстан Республикасының аумағында уақыт екі әкімшілік уақыт белдеуінде есептеледі: 4-ші (БҚО, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыстары) және 5-ші (Астана, Алматы, Шымкент, Ақмола, Алматы, Қарағанды, Ұлытау, Түркістан және басқа да облыстар)", - деді Экология министрлігіндегілер.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!