Қазақстанда “тыныштық күні“ басталды

Қазақстанда “тыныштық күні“ басталды
Фото: Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова

Бүгін, 14 наурызда, сағат 00:00-ден бастап Қазақстанда алдағы конституциялық реформа бойынша референдум алдында тыныштық күні басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

15 наурызда Қазақстанда жаңа Конституция бойынша референдум өтеді. Заңға сәйкес кез келген дауыс беру алдында бір тәулік бұрын тыныштық күні жарияланады.

Тыныштық күні деген не?

Тыныштық күні – бұл сайлау немесе референдум алдында болатын кезең, осы уақытта дауысқа шығарылған мәселе бойынша жақтап немесе қарсы үгіт жүргізуге тыйым салынады. Ол дауыс беру күніне бір тәулік қалғанда басталып, сайлау учаскелері жабылғанға дейін жалғасады.

Бұл уақытта үгіт материалдарын таратуға, азаматтарды белгілі бір түрде дауыс беруге немесе дауыс бермеуге шақыруға, сондай-ақ, БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарнамалық немесе саяси хабарламалар жариялауға болмайды. Сонымен қатар, үгітке байланысты митингілер, кездесулер, сөз сөйлеулер және басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.

"Бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, референдум нәтижелеріне болжамдарды, референдумға байланысты өзге де зерттеулерді жариялауға жол берілмейді", - деп нақтылады Бас прокуратура.

Сондай-ақ, референдум күні дауыс берген адамдардан сауалнама алуға тыйым салынады.

Жалпы, тыныштық күнінің мақсаты – сайлаушыларға ешқандай қысымсыз, сабырмен шешім қабылдауға мүмкіндік беру. Бұл талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Тыныштық күнін бұзғандарға қандай жаза қарастырылған?

Үгіт жүргізуге және қоғамдық пікір сауалнамаларын жариялауға қойылған тыйымды бұзу Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 102-бабы - "Тыйым салынған кезеңде сайлауалды үгіт жүргізу" бойынша жауапкершілікке әкеледі.

Айыппұл мөлшері:

  • жеке тұлғалар үшін - 15 АЕК (55 380 теңге);
  • шағын бизнес субъектілері үшін - 20 АЕК (73 840 теңге);
  • орта бизнес субъектілері үшін - 25 АЕК (92 300 теңге);
  • ірі бизнес үшін - 35 АЕК (129 220 теңге).

Референдум қашан өтеді?

Еске салайық, 2026 жылы 11 ақпанда Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды.

Кейін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды. 

2026 жылы 12 ақпанда жаңа Конституция жобасы жарияланды. Жаңа Конституция референдумда қабылданған жағдайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы жаңа Конституция жобасында айтылған. 

Референдум - азаматтардың ең маңызды мемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті мәселелер бойынша тікелей ерік білдіру нысаны (жалпыхалықтық дауыс беру). Референдум арқылы заңдар қабылданады, Конституцияға өзгерістер енгізіледі немесе шешуші саяси мәселелер қаралады. Әдетте референдумда қабылданған шешімдердің күші міндетті болады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget